Ресей ЕАЭО елдеріне, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға 1 млн рубльден астам қолма-қол ақша шығаруға тыйым салды, деп хабарлайды 24KZ.
Тиісті жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин қол қойған. Құжатқа сәйкес, шектеу жеке тұлғаларға қатысты. Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге Ресей рублін аталған елдерге қандай да бір мөлшерде қолма-қол шығаруға болмайды.
Алайда жаңа талаптан бірқатар ерекшелік бар. Атап айтқанда, арнайы халықаралық әуежайлар арқылы банк шотынан немесе салымнан ақша алынғанын растайтын құжаттар болған жағдайда қолма-қол рубль шығаруға рұқсат етіледі. Қажетті құжаттардың тізімін Ресей үкіметі белгілейді.
Халықаралық тасымалдаумен айналысатын заңды тұлғаларға да жекелеген жағдайларда ерекшелік қарастырылған. Сонымен қатар шектеу Ресейдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің қызметін қамтамасыз етуге арналған қаражатқа қолданылмайды.
Тыйымды бұзған жағдайда жеке тұлғадан 1 млн рубльден асатын сома, ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден елден шығарылған барлық қолма-қол рубль тәркіленеді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ЕАЭО #Ресей #ПутинPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz