RU
Толық нұсқаға өту

Еуропа зауыттары әскери көлік шығаруға көшті

30.09.2026, 14:46 60

Кәрі құрлық зауыттары әскери көлік жасауға көше бастады.

Өйткені өнеркәсіп секторы біраздан бері жұмыссыз. Кейінгі жылдары Қытай компаниялары Еуропаның көлік нарығындағы үлесін әлсіретіп тастады. Қазір тіпті жылдар бойы озық технология, жайлылық және қауіпсіздік символы саналатын немістің темір тұлпарларына да сұраныс азайған. Олай болса, Еуропа нарығының алпауыттары енді қайтпек? 

Дағдарыстан ең әуелі немістің Volkswagen компаниясының жұмысы тұралады. Бірлестік басшылығы жариялаған жоспарға сай алдағы уақытта 50 мың адам жұмыстан босайды. Сондай-ақ көліктің кей модельдерін шығару тоқтайтынын жеткізді. Бұдан бөлек 2034 жылға қарай 4 зауытты жабуды жоспарлап отыр. Өйткені нарықтағы қызығушылық бәсеңдеген соң бірлестіктің табысы құлдырайтыны айтпаса да түсінікті.

Михаэль Кречмер, Саксония аймағының премьер-министрі:

- Volkswagen басшылығының кейінгі жылдары қабылданған шешімдері қате болды. Енді соның салдарынан зардап шегіп отыр. Бірақ Германияда бәсекеге қатысты проблема бар. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бәріміз күш біріктіруіміз керек. Бірақ жұмыс күші арзан екен деп, өндірісті басқа елге көшіруге болмайды. Зауыттар ел ішінде қалуы керек.

Кейінгі жылдары неміс бірлестіктерінің кірісі едәуір қысқарып келеді. Мәселен, Былтыр Volkswagen табысы 60 пайызға кемісе, Mercedes-Benz 49 пайызынан айырылды. Сарапшылар: "Бұл Еуропа алпауыттары үшін «кіріс дәуірі» аяқталғанын көрсетсе керек", - дейді.

Стефан Братцель, Автомобиль менеджменті орталығының директоры:

- Еуропа нарығының алпауыттары болашақта болатын өзгерістерді дұрыс болжай алған жоқ. Олар электр көліктері, жүргізушісіз темір тұлпарлар өндірісін дамытудың маңызын түсінбеді. Сондай-ақ Қытай автоөндірушілерінің әлеуетін жете бағаламады. Бәсекелес болады деп мүлде ойламаған сияқты.  

Кейінгі жылдары Еуропа елдері шекара шебін мейлінше бекітті. Қорғанысты әлі күшейтетін түрі бар. Яғни әскери бюджеті ұлғая түседі. Бұл арада автоөндірушілер мүмкіндікті құр жібермей, қорғаныс саласындағы жобаларға көше бастады. Мәселен, Ford, General Motors, Jaguar және Land Rover шығарып жатқан модельдерін соғыс майданына бейімдеуді ұсынып отыр. 

Ивонн Мёллер, AUDI AG бақылау кеңесінің мүшесі:

- Үкіметтегілер бәсекелестікке қарсы тұруға жоспар әзірлеуі керек. Себебі Қытайда шығарылатын өнімдерге мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Соның арқасында қытайлық тауарлар арзан болып, әлемдік нарықта бәсеке күшейді. 

Кәрі құрлықтың бірқатар кәсіпорны дрон мен әскери техникаға арналған қосалқы бөлшектер өндірісін бастаймыз деп отыр. Мәселен, Францияның Renault компаниясы ұшқышсыз аппараттар құрастырмақ. Жоба келер жылға жоспарланып отыр. Зауыттың қуаттылығы айына 1 мың дронға дейін жетеді. Сарапшылар көлікке қарағанда қосалқы бөлшек шығару тиімді екенін айтады. Өйткені өндірісі шағын. Сондықтан әскери мақсаттағы жобаларға ауысу үшін көп инвестиция қажет етпейді. 

Кристоф Периллат, VALEO компаниясының бас директоры:

- Біз дрондар өндірісін дамытуға атсалысамыз. Бұл жоба Франциядағы компаниялардың басын біріктіреді. Сондай-ақ әскерге арналған ұшқышсыз аппараттар мен қажет технологиямен қамтуға сеп болады. Қазір Еуропа автоөндірісінде өсім баяу. Ал қорғаныс саласы қарқынды дамып жатыр. Әскери жобалар көлік нарығына қарағанда пайда әкелуі мүмкін. 

Еуропада қорғаныс тапсырыстары ұлғайса, 2029 жылға қарай тек GM бірлестігінің табысы 1,5 млрд долларға жетеді. Бірақ бұл комания кірісінің тек 1 пайызына ғана тең. Демек, әскери тапсырыс Еуропа нарығының алпауыттары үшін негізгі табыс көзі емес, тек қосымша мүмкіндік болмақ.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz