Криштиану Роналду бас бапкер Жорже Жезушпен болған келіспеушіліктен кейін Португалия құрамасының Даниядағы оқу-жаттығу жиынынан кетіп қалды. Роналду команданың жаттығудан оралуын күтпестен қонақүйден шығып, түнде жеке ұшағымен Мадридке ұшып кеткен, деп хабарлайды 24KZ.
Жанжал Роналдудың Данияға қарсы Ұлттар лигасының матчында негізгі құрамға енбейтіні туралы ақпараттан кейін күшейген. Жезуштің айтуынша, футболшы бұл кездесуді де қосалқы құрамда бастайды. Оның орнына алаңға Гонсалу Рамуш шығуы мүмкін, ал Роналдуды ойын барысында қажет болған жағдайда ғана алаңға шығару жоспарланған.
Бұған дейін Роналду Норвегияға қарсы матчта да негізгі құрамда болмаған және кездесудің соңына дейін алаңға шықпаған. Осыдан кейін футболшы мен бас бапкер арасындағы жағдай шиеленісе түскен.
Роналдуды командада қалдыруға Жорже Жезуш пен Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнса тырысқан. Алайда футболшы ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешімінен бас тартпаған.
Кейін Португалия футбол федерациясы Роналдудың Копенгагендегі команда орналасқан жерден кеткенін ресми түрде растады. Федерация Дания мен Норвегияға қарсы алдағы сырт алаңдағы матчтарға дайындық қалған 24 ойыншымен жалғасатынын мәлімдеді.
Ал Роналду әлеуметтік желідегі жазбасында ұлттық құрамадан кетуінің себебін кейінірек түсіндіретінін айтты.
Ұлттық құраманың бас бапкерінің баспасөз мәслихатынан және Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескеннен кейін ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдадым. Уақыты келгенде Португалия халқына кетуімнің шынайы себебін айтып беремін. Мен бұл құрамаға әрдайым адал болдым, – деп жазды футболшы.
Португалияның кейбір БАҚ-тары футболшының ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын жазып жатыр. Алайда әзірге Роналдудың өзі де, Португалия футбол федерациясы да оның халықаралық мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялаған жоқ.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Криштиану Роналду #футбол #жанжалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz