Былтыр әлем бойынша жасанды интеллект нарығы 255 млрд АҚШ долларына жетті. Сарапшылар алдағы 5 жылда көрсеткіш тағы 5 есеге жуық артуы мүмкін деп болжап отыр, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл тұста жасанды сананың мүмкіндігі мен тәуекелі қатар артып келеді. Қолданушы адамға бағынбай, өз бетімен әрекет ететін, тіпті шабуылдап, құпия ақпарат ұрлайтын жағдайлар да жиілеп барады.
Енді бес жылда жасанды интеллект күллі адамзат баласының ақыл-ойынан асып түсуі мүмкін. Адам үшін еңбек ету қажеттілік емес, хоббиге айналуы ықтимал. Мұндай болжамды американдық кәсіпкер Илон Маск Economist басылымына берген сұхбатында айтты. Кейінгі уақытта технология саласындағы алпауыт компаниялардың негізін қалаушылар арасында бәсекелестікпен қатар алаңдаушылық та артты.
Билл Гейтс, Microsoft компаниясының негізін қалаушы:
- Жасанды интеллект адамзатты 100 пайыз жойып жібереді деп айтуға болмайды. Бірақ миллиардтаған адам осы ақылды машинаның құрбаны болуы мүмкін. Оның алдын алу үшін технологияны дұрыс басқара білу керек. Егер де зұлым күштер жасанды интеллектіні өз пайдасына жарататын болса, бұл олар үшін қуатты қаруға айналады.
Нарықта, әсіресе Вашингтон мен Бейжіңнің бәсекелестігі мықты. 2025-ші жылы АҚШ жасанды интеллект саласына 285,9 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат құйды. Бұл Қытайдағы инвестиция көлемінен 23 есе көп. Десе де, Қытай жасанды санаға негізделген гуманоид робот жасап шығаруға дендеп кірісті. Қазір елде мұндай 140-тан астам кәсіпорын бар. Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп "Жасанды интеллект саласында кім мықты, сол жеңімпаз", - дейді. Ақ үй басшысы алдағы уақытта экономикалық өсімнің 25 пайызы осы сала есебінен жүзеге асады деп отыр. Бірер күн бұрын Ақ үйде жиын өткізіп жасанды сананы басқару, жалпы қауіпсіз ету жолдарын жіті талқылады. Жиын аясында Дональд Трамп Google, Anthropic, Meta, OpenAI, xAI және NVIDIA өкілдері тиісті құжатқа қол қойды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Мен жасанды интеллектінің халық игілігіне қызмет ететініне сенемін. Ол теріс мақсатта қолданылған жағдайда, кінәлілерді анықтау қиын емес. Десе де, әр компания өз жұмысын өзі бақылауы тиіс. Енді шамамен он адамнан тұратын комитет құрып, жиі бас қосып отыруға ниеттіміз. Комитет озық технологияларға қатысты кез келген жұмысты қадағалайды.
Бұған дейін OpenAI компаниясы қазан айында жаңа GPT-6.1 Astra-ны таныстыруы тиіс болған. Кейін бүкіл әлемге алдын ала жариялаған үлгісін шығарудан бас тартты. Өйткені, сынақ кезінде аталған модельдің кей кезде қолданушыға бағынбай, өз бетімен әрекет ететіні анықталған. Сондықтан ол қауіпті деп танылды. Ал Сан-Францискода компанияның жыл сайынғы конференциясы қарсаңында наразылық акциясы өтті. Белсенділер OpenAI-ды Пентагонмен келісімшарттарын тоқтатуға және АҚШ-тың Көші-қон және кедендік бақылау агенттеріне технологияны пайдалануды шектеуге қатысты шара қабылдауға шақырды. Ал халық арасында жасанды интеллект адам орнын баса ала ма, еңбек нарығында нендей өзгеріс әкелуі мүмкін деген сұраққа пікірлер әлі екіұдай.
Кристофер Дефлич, Penn State Health директоры:
- Әсіресе біздің салада, медицинада ақпарат өте көп. Адам үшін мұның бәрін бірден есте сақтау қиын. Бұл арада жасанды интеллектінің көмегі орасан. Ең бастысы, соңғы шешімді адам қабылдайды. Өйткені адам бақыламаса, технология бәрібір қате нәтиже беруі мүмкін.
«Жасанды емес, суперинтеллект». Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ федералды мекемелерінің ресми құжаттарында «жасанды интеллект» терминінің орнына «суперинтеллект» атауын қолдануды тапсырды. АҚШ президенті бұрынғы атауды сәтсіз қойылған деп атады. «Ал ендігі «суперинтеллект» ұғымы күрделі мәселелерді шешуде адамнан әлдеқайда жоғары қабілетке ие екенін аңғартады», - дейді Трамп. Әлемдік нарықтағы жетекші елдер дамуын бәсеңдетсе, бәсекелесінің озып кетерін жақсы біледі. «Сондықтан алдағы уақытта ең алдымен қауіпсіздікке ден қою маңызды», - дейді сарапшылар.
Тегтер #24KZ #шартарап #жасанды интеллект #АҚШ #MicrosoftPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz