RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда семіздік мәселесі ушығып тұр

02.10.2026, 09:25 58

Түріктер семіздікке алаңдай бастады. Анадолы елінде артық салмағы бар адамдар 30 пайызға көбейген. Әсіресе әйелдердің үлесі басым. 

Енді ел айналасынан қысылып, хирургиялық емге жүгіне бастаған. Сөйтіп, Түркияда былтыр 100 мыңнан астам адам ота жасатып, асқазанын кішірейтті. Бұл тәсіл қаншалықты тиімді? Мамандар не дейді? 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Түркияда семіздік мәселесі өткір тұр. 15 жастан асқан әр бесінші тұрғын шамадан тыс артық салмақтан арыла алмай жүр. Семіздіктен құтылу үшін түріктер көбіне хирургиялық емге жүгінеді. Былтырдың өзінде 103 мың адам ота жасатып, асқазанын кішірейткен. Оның шамамен 70 пайызы – қыз-келіншектер. Әсіресе 30-40 жас аралығындағы әйелдер арасында бұл тәсілге сұраныс жоғары.

Семіздік деңгейі бойынша Түркия АҚШ-тан кейін әлемде екінші орында. Ал артық салмақты хирургиялық жолмен емдеу бойынша Еуропада көш бастап тұр. Мұндай мәселе тек ересектердің емес, балалар арасында да алаңдатарлық жағдайда. Көрсеткіш – 10%. Мұның салдары диабет, жүрек-қан тамырлары мен тізе-бел ауруларының таралуына әкеп соққан. Халықтың 15%-ы қант диабетіне шалдыққан. Мамандар бұл дабыл қағарлық жағдай деп отыр. 

Мелтем Анафарта Шендағ, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің профессоры, психолог:

- 1990 жылдардың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздіктің жаһандық таралу деңгейі шамамен 15% деген еді. 1992 жылдан бастап артық салмақпен күресу үшін түрлі диеталар пайда бола бастады. Алайда жылдар өте келе диета кері нәтиже бере бастады. Семіздік деңгейі бірден 15-тен 30%-ға дейін өсіп кетті. Бұл тек Түркияда ғана емес, әлем бойынша байқалатын үрдіс. Қозғалыстың аздығы, дайын тағам тұтыну және өмір салтының өзгеруі сияқты факторлар семіздіктің кең таралуына ықпал етіп отыр. 

Қатаң диетадан нәтиже болмаған соң, түріктер хирургиялық жолмен емделуге көшкен. Бұл үрдіс 2000 жылдары басталып, қазір науқастар жиі жүгінетін медициналық әдіске айналды. Түркияда мұндай операцияға рұқсаты бар 250-ге жуық медициналық орталық жұмыс істейді. Тіпті артық салмақтан зардап шеккен балалар да хирургиялық емге жүгінеді. 

Октай Банлы, Түрік Семіздік хирургиясы қорының президенті, бариатриялық хирург:

- Түркияда асқазанды кішірейту операциясына сұраныс жоғары. Асқазанның шамамен төрттен үш бөлігі алынып, шағын күйге енеді. Мұндай операциядан кейін науқастардың шамамен 90% салмағын тұрақты түрде төмендете алады. Кейбірі бір жылда мақсатты салмағына жетсе, ал салмағы өте жоғары адамдарға 1,5-2 жыл қажет болуы мүмкін. Алайда 100% кепілдік жоқ. Қазір 14 жастағы балалар да бұл отаны жасатып жүр.

Иә, ресми дерек көрсеткендей, Түркияда артық салмақтан арылудың хирургиялық жолын таңдайтындар көбейген. Дегенмен бұл әдіске жүгінуге қатысты түрік қоғамының пікірі әртүрлі.

Ел билігі семіздікпен күресті күшейтіп әлек. Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық іс-қимыл жоспарын бекітіп, семіздік орталықтарының санын арттырған. Ал артық салмақтан зардап шеккен науқастарға медициналық көрсеткішке сәйкес хирургиялық емді тегін ұсынады. 

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz