RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ пен Иран арасы қайта шиеленісті

02.10.2026, 20:25 40

Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушығып тұр. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасады. TIME журналына берген сұхбатында ол Тегеранмен бейбіт келісім болмайтынын айтты.

Сондай-ақ Вашингтон қарашадағы аралық сайлаудан кейін Иранға қарсы әскери соққыларды күшейтпек. Ал Тегеран да қарап отырмақ емес. Иран тарапы жаңа шабуыл жасалса, қарымта жауап беруге дайын екенін білдірді. 

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық әрекеттер әзірге нәтиже бермей тұр. Бұған дейін Иран жеті күндік жоспар ұсынып, Ормуз бұғазын ашуға және келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген еді. Алайда Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп бұл ұсынысты қабылдамады. Қазір тараптар арасындағы байланыс Қатар арқылы жүріп жатыр. Негізгі мәселелер бойынша келісімге келу әзірге қиынға соғуда. Осы ретте АҚШ президенті Иранға қатысты ұстанымын тағы бір шегеледі. TIME журналына берген сұхбатында Трамп Иранмен бейбітшілік орнату мүмкіндігіне күмән келтірді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Иә, қажет болса Иранды жоюға дайынмын. Бұл менің қолымнан келеді. Осыдан кейін әлемде бейбітшілік орнайды деп ойлаймын. Тегеранмен бейбіт келісімге келу мүмкін екеніне мүлде сенбеймін. 

Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ-пен диалогтан бас тартпайтынын мәлімдеді. Тегеран Парсы шығанағындағы бітімді қайта жалғастыру үшін Вашингтонға ұсыныс жолдаған. Иран АҚШ-тан порттарға қойылған блокаданы алып тастауды сұраған. Оның орнына Ормуз бұғазын жеті күнге ашуға дайын екенін білдірген. Бірақ Трамп ұсынысты қабылдамаған. 

Масуд Пезешкиан, Иран Ислам Республикасының президенті:

- Иран келіссөзден ешқашан бас тартқан емес. Біз жағдайды талқылауға дайын болдық. Бірақ екінші тарап келіссөзге ұмтылмады. Керісінше, олардың көздегені Иранды жою.

Екі ел арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді. Тараптар негізгі мәселелер бойынша ортақ шешімге келе алмады. Осыдан кейін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран делегациясынан Нью-Йорктен дереу кетуді талап етті. Делегацияны Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарған. Кейін олар Нью-Йорктен Дохаға аттанды. Алайда Иран тарапы делегацияның АҚШ-тан шығарылғанын жоққа шығарды. Мәселеге байланысты БҰҰ тараптарды келіссөз мүмкіндігін сақтап қалуға шақырды. Ұйым басқа елдердің арағайындығымен АҚШ пен Иран арасындағы диалогты қайта жалғастыруға болады деп санайды.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- Қазір жағдай өте алаңдатарлық. АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың қалай жүріп жатқаны белгісіз. Дегенмен тараптар делдалдар арқылы байланысып отырғанын білеміз. Келіссөздер Қатардың арағайындығымен жалғасады деп үміттенеміз. Бұл іске Пәкістан және басқа да елдер атсалысып жатыр. Бастысы – тараптар байланыс арналарын үзбей, диалогты жалғастыруы тиіс. 

АҚШ Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастауы мүмкін. Ресми деректерге сай, Дональд Трамп кеңесшілеріне қарашадағы аралық сайлаудан кейін Иранға әуе соққыларын қайта жасау жоспары барын айтқан. Осыған байланысты Вашингтон Парсы шығанағындағы одақтастарының қорғанысын күшейтіп жатыр. Сауд Арабиясы мен Қатарға тағы екі Patriot кешені жеткізілді. Олар мұнай-газ нысандарын қорғауға жұмылдырылмақ. Осы тұста Иран да қол жайып қарап отырмақ емес. Тегеран Американың жаңа соққыларына жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz