RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та үйді адам тәрізді роботтар жинайды

04.10.2026, 10:50 44

Роботтар үй жинайтын болды. Сөрені сүртіп, еден жуады. Тіпті дәретхананы да тазалап береді. Бірақ әзірге ақысы арзан емес. Сағатына – 30 доллар. АҚШ-та клининг компаниясы адам тәрізді роботты жұмысқа алды.

Темір көмекші бірер үйді жинап үлгерген. Мамандар көп ұзамай сіздің үйіңізде де өз роботыңыз болатынына сенімді. Әрі кетсе, 5-10 жылдың төңірегінде бұған да жетерміз.

Енді адамдар үй жинап, уақыты мен энергиясын жоғалтпайды. Бар шаруаны адамтекті роботтарға тапсыруға болады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында темір көмекшілер қызмет көрсететін арнайы клининг компаниясы ашылды. 

Корнелия Вайнцирль, Tau Robotics компаниясының негізін қалаушы:

- Робот шаң сүртеді, еден жуады. Яғни қандай тапсырма берілсе, соны орындайды. Тағы бір ерекшелігі – оны әлемнің кез келген нүктесінен басқаруға болады. Ыдыс жуатын машинаға салу немесе одан шығару, төсек жинау, оны ауыстыру, дәретхана мен жуыну бөлмесін тазалау секілді үйдегі шаруаның көбін істей алады. 

Роботтың сырт келбеті адамға ұқсас. Бойы – 132 сантиметр, ал табаны резеңкеден жасалған. Сондықтан қозғалысы ширақ әрі дыбыссыз. Салмағы небәрі 35 келі. Қазір роботтарды операторлар қашықтан басқарады. Бірақ мамандар: «Алдағы уақытта ақыл-ойын жетілдірсек, темір көмекшілер тапсырмаларды өз бетінше орындайтын болады», - дейді. Қалай десек те, Сан-Францискода адамтекті роботтың қызметіне тапсырыс берушілер жетерлік. Соның бірі – IT саласының маманы, 31 жастағы Гарвит Гупта. 

Гарвит Гупта, Сан-Франциско тұрғыны:

- Үйге келгенде, ең әуелі құралдарын шығарды. Шүберектері бір-біріне жабысып қалыпты. Робот мұны бір-бірінен ажыратып алды. Қимылы өте ұқыпты. Қаншалықты дәл жұмыс істейтінін көріп, таңғалдым. Ас үйді, үстелдің бетін тазалағанда сұйықтықты шашуға өте жақсы бейімделгенін байқадым. 

Мамандар: «Жаһан жұртының роботтарға қатысты үрейі орынсыз. Темір көмекшілер адамның орнын баспайды, керісінше қолын ұзартады», - деп отыр. 

Корнелия Вайнцирль, Tau Robotics компаниясының негізін қалаушы:

- Клининг компанияларына жұмысшы табу қиын. Адамдар үйдің шаруасын ақшаға да істегісі келмейді. Қызметкерлері жиі ауысады. Сондықтан роботтар адамды табысынан айырады деу – қате. Керісінше, клининг саласындағы жұмысшы тапшылығын шешуге көмектеседі. 

Клининг саласындағы ірі компанияның бас директоры Вайолет Остуни роботтың жұмысы түсірілген кадрларды көріп, жұмысына қатысты пікірі екіұдай екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, адам мен темір көмекшінің еңбегін мүлде салыстыруға келмейді. 

Вайолет Остуни, Clean Cozy Home аnd Spaces компаниясының бас директоры:

- Үлкен ғимараттың ішін тазалауға роботтарды шақыруға болады. Өйткені ұсақ-түйек заттар аз болады. Ал болашақта адамның еңбегіне сұраныс азаяды дегенге сенбеймін. Себебі роботтар үй шаруасын бәрібір әйелдер секілді істей алмайды. 

Қазір осындай темір көмекшінің нарықта құны қымбат. Алайда адамтекті роботтар қызмет көрсету салаларында жаппай қолданысқа еніп жатыр. Егер саны көбейсе, бәсекелестік күшейіп, бағасы да арзандайды. Яғни көп ұзамай әр отбасыға қолжетімді бола түспек. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz