Испанияның Каталония өңірінде соңғы 20 жылдағы ең күшті нөсердің бірі жауды. Билік бірнеше ауданға Es-Alert дабылын жіберіп, тұрғындарға жолға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды 24KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Барселонада жауын-шашын мөлшері кей жерлерде шаршы метрге 200 литрге дейін жеткен. Раваль ауданында 190,8 литр жауын тіркелсе, Диагональдағы университет аумағында 170,3 литр жауған. Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал Бадалона маңында 152 литр жауын жауып, 21 жылдық рекорд жаңарған.
Каталонияның су ресурстары агенттігі Бесос өзенінің төменгі ағысында су деңгейі қауіпті шектен асқанын хабарлады. Санта-Колома-де-Граменетте өзен секундына 520 текше метр жылдамдықпен аққан. Осыған байланысты су тасқыны қаупі жарияланды. Бесос өзенінің бойындағы саябаққа кіретін барлық жол жабылды.
Қатты жауыннан Каталонияның төтенше жағдайлар қызметіне жүздеген қоңырау түскен. Өрт сөндірушілер су басқан жолдарда көліктерінде қамалып қалған бірнеше адамды құтқаруға жұмылдырылды. Кей тұрғындар көліктерінің төбесіне шығуға мәжбүр болған.
Қолайсыз ауа райына байланысты Каталония бойынша қалааралық және өңірлік пойыздардың қозғалысы да тоқтатылды. Тек RL3, RL4 және R16 бағыттары жұмысын жалғастырды.
Дауыл Испанияның солтүстігіне де жетті. Баск елінің Бискайя провинциясында 150-ге жуық оқиға тіркелді. Оның басым бөлігі жолдар мен көшелерді су басуына байланысты болған.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Испания #нөсер жауынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz