Түркияда мұғалім атану үшін талап күшейді. Биыл бұл тәртіпке өзгеріс енгізіліп, мұғалімдікке үміткерлер үшін жаңа ереже бекітілді. Енді қолында дипломы бар кез келген жас маман бірден мектепке қызметке орналаса алмайды. Үміткерлер арнайы емтихан тапсырып, Ұлттық білім академиясында теориялық және практикалық дайындықтан өтуі керек, деп хабарлайды 24KZ.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда мұғалім болу үшін жоғары оқу орнын тәмамдау жеткіліксіз. Үміткер мектепте мұғалім атану үшін арнайы емтихан тапсырып, соның қорытындысымен ғана мұғалімдік лауазымға орналаса алады. Бұған дейін Түркияда дәл осындай жүйе қолданылып келді. Биыл бұл тәртіп өзгерді. Енді үміткерлер Ұлттық білім министрлігінің академияға қабылдау емтиханын тапсырады. Жинаған ұпайы мен белгіленген квотаға қарай Ұлттық білім академиясына қабылданады. Жаңа жүйенің алғашқы кезеңіне 10 мың орынға үміткер қабылданды. Олар академияда теориялық білім алып қана қоймай, білім беру орындарында тәжірибеден өтеді. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады. Әр кезең он аптаны қамтиды. Соңғысы толығымен тәжірибеге негізделген. Оның барысында сабақ жоспарлау, сыныпты басқару, оқушының дамуын бақылауды үйренеді. Теориялық және практикалық дайындықтың қорытынды бағасы да бөлек есептеледі. Теорияның үлесі 40% болса, тәжірибе 60%-ды қамтиды. Яғни бұл жолы педагогтің кәсіби даярлығы мен практикалық біліктілігіне басымдық беріліп отыр. «Осылайша, үміткер білім беру ортасына алдын ала бейімделеді», – дейді мамандар.
Ялчын Челик, Пурсаклар кәсіптік-техникалық лицейінің мұғалімі:
– Бұрынғы жүйе әлдеқайда қарапайым еді. Өйткені мектепке қабылдау емтиханын тапсырып, кейін бірден таңдау жасап, қызметке орналасатын. Өте алмаған жағдайда, қайтадан мүмкіндік берілетін. Ал қазір академияға қабылдау емтиханынан өтіп қана қоймай, төрт кезең бойы білім алуы қажет. Яғни мұғалім болу жолы ұзағырақ әрі талаптары күрделі болды. Бұл жүйеде практикалық дайындыққа ерекше мән беріліп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Десе де академияны сәтті аяқтаған үміткер бірден тұрақты штатқа қабылданбайды. Алдымен келісімшарт негізінде мұғалімдік қызметін атқарады. Үш жылдық еңбек өтілінен кейін заңда белгіленген талапқа сай болса, жұмыс істеп жүрген жеріндегі тұрақты штатқа ауыса алады. Ресми мәлімет бойынша, қазір Түркияда 1 млн 200 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Оның 1 млн 170 мыңнан астамы мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарында қызмет етеді. Енді жаңа жүйе бойынша сынақтан сүрінбей өткен тағы 10 мың жас маман ұстаздар қатарын толықтырады.
Автор: Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #мұғалім #академия #емтиханPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz