Йемендегі жағдай қайта ушықты. Елдің ресми үкіметі бүлікшіл хуситтерге қарсы жаңа ауқымды әскери операция бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін қарулы топ Қызыл теңіз жағалауында жылдам ілгерілеп, Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы стратегиялық аумақтарды бақылауына алған еді. Бұл – Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі теңіз дәліздерінің бірі. Енді Йемен билігі жоғалтқан позицияларын қайтаруға күш салып жатыр. Оған Сауд Арабиясы мен АҚШ қолдау көрсетті.
Әскери операцияның негізгі қимылдары бүгінде Баб-әл-Мандеб бұғазына шығатын стратегиялық маңызды аудандарда жүріп жатыр. Қыркүйекте хуситтер Қызыл теңіз жағалауымен шамамен 150 шақырым ілгерілеп, Моха порты мен бұғаз маңындағы бірқатар аумақты бақылауға алған еді. Ел астанасы Сана да 2014 жылдан бері қарулы топтың қолында. Енді Йеменнің үкімет әскері қарсы шабуылға көшті. Рейтердің берген ақпаратына сүйенсек, қазір үкімет күштері бұғазға жақын жерде орналасқан Зубаб қаласын қайтарған.
Маджид Әл-Нузайли, Йемен Қарулы күштерінің ресми өкілі:
– Бұл шешуші операцияның мақсаты – ел аумағын толық бақылау орнатып, ұлттық егемендікті қалпына келтіру және хуситтер басып алған өңірлерде мемлекеттік институттардың жұмысын ретке келтіру. Йемен азаматтары өз еліндегі құқықтарын қайтаруға толықтай өкілетті.
Йемен әскерінің операциясына әуеден Сауд Арабиясы күштері қолдау көрсетіп жатыр. Эр-Рияд әскери кеңесшілерін де жіберген. Ал The Washington Post басылымының мәліметінше, АҚШ барлау жағынан көмектесіп отыр. Дереккөздердің айтуынша, Сауд Арабиясында қазір екі жүзге жуық АҚШ әскери қызметкері мен барлау маманы бар. Олар хуситтердің орналасқан жері туралы ақпарат жинап, нысандарды анықтаумен айналысуда. Кейінгі екі апта ішінде Эр-Риядқа екі жүзден астам нысана жөнінде мәлімет жіберген. Дегенмен Вашингтон: «Бұл шиеленіске тікелей араласпаймыз», - дейді. Әзірге барлау, нысана анықтау және Сауд Арабиясының авиациясын әуеде жанармаймен қамтамасыз етумен шектеліп отыр.
Рашад Әл-Алими, Йемен Президенттік басшылық кеңесінің төрағасы:
– Тағы да қайталап айтамын, бұл – Сана, Санада, Ходейда немесе басқа өңірлердің халқына қарсы соғыс емес. Белгілі бір діни топқа немесе тайпаға қарсы да бағытталмаған. Бұл – мемлекеттің өз азаматтары үшін, институттарын қалпына келтіру және елдің саяси болашағын қарудың күшімен тартып алуға жол бермеу жолындағы күресі.
Баб-эль-Мандеб бұғазы Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғап, Суэц каналы арқылы Азия мен Еуропа арасындағы ең қысқа теңіз жолына шығады. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының есебінше, биылғы екінші тоқсанда бұл бағытпен тәулігіне орта есеппен 8,1 миллион баррель мұнай және мұнай өнімдері тасымалданған. Соның 6 миллионнан астамы – шикі мұнай мен конденсат. Сондықтан бұғаз маңындағы әскери бақылаудың өзгеруі танкерлер қозғалысына, сақтандыру құнына және әлемдік энергия нарығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Бараа Шибан, халықаралық сарапшы:
– Хуситтер үшін ең маңыздысы – аумақты бақылауда ұстау. Аймақта қару-жарақ пен әскери күштердің едәуір қоры шоғырланған. Олар басып алған өңірлердегі халықтың құқықтарын шектеп отыр. Тіпті жасап жүрген еңбегі үшін жылдар бойы жалақы алмаған адамдар да бар.
Хуситтер тарапынан да қысым бәсеңдеген жоқ. Топ Таиз маңындағы таулы аймақтарда алға жылжып, үкімет күштерін оңтүстіктегі негізгі жолдардан ығыстыруға тырысып жатыр. Сонымен қатар Сауд Арабиясындағы Aramco нысандарына зымырандар мен дрондармен атқылауды жалғастыруда. Сарапшылар қақтығыс күшейсе, оның салдары Йеменмен шектелмей, әлемдік маңызы бар теңіз дәлізіндегі кеме қозғалысы мен халықаралық саудаға әсер етуі мүмкін деп отыр.
Тегтер #24KZ #шартарап #Йемен #хуситтер #шабуыл #қызыл теңізPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz