RU
Толық нұсқаға өту

Шымтезек климат өзгерісін тежейді

06.10.2026, 08:27 55

Малдың ет-сүті одан қалды терісі ғана емес, тезегі де пайдалы.

Шымтезек климат өзгерісін тежейді. Көмірқышқыл газын сіңіріп, температураның жоғарылауына жол бермейді. Бұл - АҚШ ғалымдарының зерттеуі.

Мамандар Солтүстік Каролина штатында 60 шаршы шақырым аумақтағы батпақты алқапты қалпына келтірді. Шымтезектің тағы қандай пайдасы бар? 

Осыған дейін АҚШ-та батпақты жерлерді ауыл шаруашылығына пайдалану үшін құрғатып келді. Ал шымтезектің жаһандық жылынумен күресте ролі орасан. Бұл көмірқышқыл газын әлемнің өкпесі атанған Амазония ормандарынан 10 есе көп сіңіреді.

Керт Ричардсон, Дьюк Университетінің профессоры:

- Шымтезек Жер бетінің 3 пайызын ғана алып жатыр. Бірақ көмірқышқыл газының 20-30 пайызы осы шымтезектердің ішінде сақталған. Яғни мұны көміртек сақтайтын табиғи қойма деуге де болады.  

Демек, шымтезекті құрғату қойнындағы зиянды газдың қоршаған ортаға тарауына әкеледі. Сондай-ақ ылғалынан ажыраған жерде өрт те көбейеді. Ал бұл жаһандық жылынудың қарқынын арттырады. Сондықтан алдағы уақытта американдық ғалымдар Вирджиниядан Флоридаға дейін, яғни 400 мың гектар алқапты қалпына келтірмек. 

Владимир Рузвельт, Pantheon Regeneration компаниясының директоры:

- Бұл жоба ең алдымен осы жерден шығып жатқан көмірқышқыл газының бөлінуін тоқтатады. Бұдан бөлек өрт қаупін азайтады. Су көбейген соң жәндіктер пайда болады. Бұл құстардың көбеюіне сеп болады. Сондай-ақ осы жердегі сүтқоректілердің, бауырымен жорғалаушылардың және қосмекенділердің тіршілігін жақсартуы тиіс. 

Қазір ауадағы көмірқышқыл газының 6 пайызы осы кеуіп қалған шымтезектерден бөлінеді. Алаңдатарлығы сол, дүние жүзінде бұл алқаптардың 17 пайызы ғана қорғауға алынған. Ал құрғаған шымтезек өртенсе, жер астында апталап, тіпті айлап жануы мүмкін. 

Стив Апфельбаум, эколог:

- Адамзат шымтезектің маңызын түсінбейді. Адамдар табиғаттан бөлек өмір сүре алмайды. Біз соның бір бөлшегіміз. Бірақ соны естен шығарған сияқтымыз. Сондықтан Жер ананы барынша қорғауымыз қажет.  

Шымтезек алқаптары - бұл Жер шарының ең үлкен табиғи сүзгісі. "Тіршілік нәрінің 10 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан оны қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру маңызды", - дейді экологтар. 

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz