RU
Толық нұсқаға өту

«Эль-Ниньо» ең құрғақ шөлді гүлдендірді

06.10.2026, 14:41 45

«Эль-Ниньо» табиғи құбылысы толығымен қалыптасып үлгерді.

Дүниежүзілік метеорология ұйымының кейінгі болжамы бойынша жыл соңына қарай бұл феномен шарықтау шегіне жетеді. Мамандар мұхит түбінде қыс бойы жылытып тұратын өте ыстық, орасан зор су қорының пайда болғанын айтады. Шілде мен тамыздың басында Тынық мұхитының кейбір аймақтарындағы тереңдікте су температурасы қалыпты нормадан 8 градус Цельсийге жоғары болғаны анықталды. «Эль-Ниньо»-ның әлемдегі әсері қандай? 

«Эль-Ниньо» әсерінен әлемдегі ең құрғақ шөл Атакама құлпырып, әдемі көрініске ие болды. Тынық мұхиты мен Анд тауларының арасында 1600 шақырымға созылып жатқан сортаң жер гүлге оранған. Шөлдің Чилидегі бөлігінде шілде мен тамызда рекордты көлемде жаңбыр жауды. Мұндай құбылыс 1950 жылдан бері болмаған екен. Атакаманың солтүстігінде биыл 17 мың шаршы шақырым аумақты гүл жапты. Мамандардың айтуынша, Атакама топырағының астында ондаған жылдар бойы кеуіп қалмай, ұйықтап жататын өсімдік тұқымдары, пиязшықтар, түйнектер және жәндіктер мен бауырымен жорғалаушылардың жұмыртқалары бар. Нөсер жаңбыр осы биологиялық материалға жан бітірген.

Хорхе Карабантес, Чили Ұлттық орман корпорациясы қорғалатын табиғи аумақтар департаментінің басшысы:

«Шөлдің бұлайша гүлге айналуы – өте таңғажайып әрі сирек кездесетін құбылыс. Атакамада басқа жерде мүлде өспейтін гүлдер шығып жатыр. Қысқы жаңбырмен бүршік жаратын өсімдіктердің сан алуандығы көз тартады". 

Сесар Писарро, биолог:

"Биыл біз 30-40 жылдан астам уақыт бойы ешқандай жасыл желек те, гүл де шықпаған қыраттар мен тау жоталарын көріп отырмыз. Жаңбырдың қатты жауғаны соншалық, су түрлі жырақтар мен жарықшақтарға терең бойлап, өсімдіктерге қайта жан бітірді."

«Эль-Ниньо» Панамаға өте ауыр зардап әкелуде

Эль-Ниньо құбылысы Панамаға, әсіресе елдің ең басты экономикалық күретамыры Панама арнасына өте ауыр зардаптарын тигізіп жатыр. Атакама шөліне жаңбыр әкелген Эль-Ниньо, Панама аймағында, керісінше қатты құрғақшылық тудыруда. Мамыр мен қыркүйек аралығында жауын өте аз түскен. Енді қазан мен қарашада жаңбыр жеткілікті жаумаса, су тапшылығы одан әрі асқына түспек. Су деңгейінің төмендеуіне байланысты Панама су арнасының басшылығы кемелердің өту жиілігін күніне 36-дан 32-ге дейін қысқартуға мәжбүр. Сондай-ақ кемелердің суға бату тереңдігіне шектеу қойылған, бұл кемелер артатын жүк көлемін қысқартуға әкелді.

Илья Эспино де Маротта, Панама арнасының әкімшісі:

"Жағдай қазан мен қараша айларында жаңбырдың қалай жауатынына байланысты. Егер жауын-шашын дұрыс түспесе, кеме өту квотасын тағы да азайтуға тура келеді. Бәріне кінәлі Эль-Ниньо. Сол келгелі тығырыққа тірелдік. 4 айдағы жаңбырдың тапшылығын жеңілдету үшін бірнеше ай бұрын суды үнемдеу шараларын енгіздік. Әрине, халыққа оңай соғып жатқан жоқ. Бірақ бізде үнемдеуден, қысқартудан басқа амал қалмады."

Эль-Ниньо теңіз маржандарын жойып жатыр

Эль-Ниньоның зардабын Оңтүстік Корея да тартып отыр. Табиғи құбылыс салдарынан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген жұмсақ маржандар жойылып барады. Олар елдегі ең үлкен және ең танымал туристік аймақ – Чеджу аралындағы теңіз экожүйесін ұстап тұрған негізгі күш. Жұмсақ маржандар жойылып бара жатқандығы туралы алғашқы зерттеу 2024 жылдың мамырында жарияланды. Ғалымдар судың жоғары температурасы әлі бір ай сақталып, Эль-Ниньо тайфундар мен нөсер жаңбыр тудырса, жағдай ушығып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Биыл Корей түбегін рекордтық аптап ыстық шарпыса, оңтүстігін нөсер жаңбыр шайды. Жергілікті ауа райы қызметінің мәліметінше, кейінгі 10 жылда аймақтағы аптап ыстық әдеттегіден 4 есе күшейіп, орта есеппен 83 күнді құраған.

Кан До Хён, Корея мұхит ғылымы мен технологиясы институтының бас ғылыми қызметкері:

"Мен мына нәрсеге баса назар аудартқым келеді. Жұмсақ маржандар теңіздегі балықтар мен басқа тіршілік иелері үшін тұқым тарататын, уылдырық шашатын орын қызметін атқарады. Олардың құрылымы бірнеше өлшемді және кең болғандықтан теңіздегі тіршілік иелері жасырынатын сансыз орын бар. Міне, сондықтан кішкентай ағзалар, шабақтар және жұмыртқадан жаңа шыққан тіршілік иелері осы жерді паналап, аман қалу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра алады. Жұмсақ маржандар жойылса, теңіздегі басқа да сансыз тіршілік иесі қоса жойылады. Біздің тамақ мәзіріміз өзгеріп кетеді. Өйткені біздің халық көбіне теңіз өнімдерін тұтынады". 

Оңтүстік Кореяның теңіз экожүйесінде Эль-Ниньо басқа да күрделі экологиялық және әлеуметтік мәселелер туындатып отыр. Жаз айларында теңіз суының температурасы рекордтық деңгейге көтеріліп, су асты тіршілік иелерінің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Бұрын арал маңында өте көп болатын ұлулар, абалон және теңіз қиярлары жаппай құрып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz