Анкарадағы мектепте Қазақстан тарихы мен мәдениеті арнайы пән құрамында оқытылады.
Ол оқу бағдарламасына «Қазіргі түркі және дүние тарихы» деген атпен 2008 жылы енгізілген. Оқушылар бұл дәрісте түркі елдерінің тәуелсіздік жолы мен ортақ тарихи байланысын зерделейді. Ал биылғы оқу жылында «Түркі елдерінің мәдени атласы» атты тағы бір пән қосылды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия мектептерінде түркі елдерінің тарихы оқытылады. Соның ішінде Қазақстанға да айрықша мән беріледі. Мына оқулықта Қазақстан тарихы, тәуелсіздік жолы мен қазақ-түрік байланысы туралы деректер қамтылған. Сабақ барысында оқушылар Қазақстанның өткенімен қатар, бүгінгі екі ел арасындағы экономикалық һәм мәдени қарым-қатынас туралы білім алады.
«Қазіргі түркі және дүние тарихы» 2008-2009 оқу жылынан бастап бағдарламаға енгізілген. Бірақ барлық мектепте оқытылмайды. Тек таңдау пәні ретінде білім беру жоспарына бекіткен оқу орындарында ғана үйретіледі. Анкарадағы жоғары сыныптарға арналған бұл лицейде 900-ден астам оқушы тәлім алса, соның жүзге жуығы осы дәрісті таңдаған.
Әли Дағжы, қазіргі түркі және дүние тарихының оқытушысы:
- Қазақстан-Каспий теңізіне іргелес орналасқан және жер қойнауы табиғи ресурстарға бай мемлекет. Әсіресе мұнай мен газ секілді стратегиялық ресурстары тұрғысынан Қазақстанның маңызы зор. Түркі мемлекеттерінің ішінде халық саны жағынан да ірі ел. Мұның барлығы оқу бағдарламасында қамтылған. Оқушылардың бұл пәнге қызығушылығы өте жоғары. Тіпті жоғары оқу орнына түсу емтиханына да түркі елдерінің тарихы бойынша сұрақтар енгізілген.
Оқушылар да оқулықтағы дерекпен шектелмей, Қазақстан туралы өздері ізденеді. Әсіресе қазақ халқының салт-дәстүрі мен тіліне және мәдениетіне қызығады.
Фатманұр Сабан, оқушы:
- Түркия мен Қазақстан арасы қашық болғанымен, ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы жақсы танып білдім. Бұл сабақта екі елдің достығы мен рухани құндылықтары туралы көп мәлімет алдым.
Батухан Илхан Четинкая, оқушы:
- Қазақстан Кеңес Одағы тарағаннан кейін 1991 жылы тәуелсіздігін алып, 1992 жылдан бастап Түркиямен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған ел Түркия. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Яссауи туралы ізденіп, оның шығармашылығымен таныстым.
Ал биылғы оқу жылынан бастап «Түркі әлемінің мәдени атласы» пәні оқу бағдарламасына енгізілді. Мектеп директорының айтуынша, 12-сынып оқушылары бұл дәрісті де алуға ниетті. Енді олар жаңа пән арқылы түркі елдерінің мәдени-гуманитарлық байланысы туралы тереңірек білім алады.
Әли Карабажак, Фуат Сезгин атындағы Анадолы лицейінің директоры:
- Біз екі мемлекет болғанымызбен, тамырымыз бір халықпыз. Сол себепті бір-біріміздің өткеніміз бен бүгінімізді тану, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу - міндетіміз. Мына «Түркі әлемінің мәдени атласы» кітабы ұлттық білім министрлігі тарапынан бағдарламаға енгізілді. Қазақстан секілді өзге де бауырлас елдердің ортақ тарихы мен тамырын танып білген жастарымыз келешекте түркі әлеміне адал қызмет етеді деп сенемін.
Тарихты білу - өткенді тану ғана емес, бүгінгі байланысты бекемдеудің негізі. Түркияның білім саласындағы бұл бастамасы өскелең ұрпаққа Қазақстанды жақынырақ танытып қана қоймай, екі ел арасындағы рухани сабақтастықты жеткізуге мүмкіндік береді.
Авторы Ә.Нұрлыбаева
Тегтер #24KZ #Анкара #Қазақстан #тарихPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz