Хуситтер Сауд Арабиясына шабуылды үдетіп барады. Әуелде бұл ел қарулы топты елемеген сыңай танытып, ауқымды операция жүргізбейміз деп мәлімдеген еді. Енді қауіп күшейген тұста жан-жақтан көмек сұрай бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе қорғаныс саласындағы негізгі одақтасы, АҚШ-тан хуситтерге қарсы тікелей соққы жасауын өтінген. Алайда Ақ үй әкімшілігі иліккен жоқ. Тіпті ұсыныстан бас тартты. Вашингтон өзінің қазіргі рөлін әскери қимылдарға тікелей қатысы жоқ қолдау деп сипаттайды.
Сауд Арабиясы әскери көмек сұрады
Қазір Сауд Арабиясында 200-дей америкалық әскери сарбаз бар. Олар хуситтерге қарсы қақтығыста барлау, нысана белгілеу және әскери операцияларды жүргізу бойынша көмектеседі. Бірақ қолға қару алып соғыспайды. Тек әскери кеңесші ретінде саудия әскеріне бағыт-бағдар береді. «Бірақ бұл қатып қалған ұстаным емес», – дейді америкалық тарап. Жағдай бақылаудан шығатын болса, сарбаздар ұрыс алаңына шығуы мүмкін. Өйткені Вашингтон мен Рияд арасында қауіпсіздік саласы бойынша ауқымды келісім бар. Мұны америкалық тарап жоққа шығармайды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екіжақты міндеттемелерді орындаудан қашпайтынын да мәлімдеді.
Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
– АҚШ пен Сауд Арабиясының арасында қорғаныс және қауіпсіздік жөнінде келісім бар. Біз оны орындауға ниеттіміз. Бірақ мен қазір егжей-тегжейіне тоқталмаймын. Әрине, саудиялықтарға хуситтер шабуыл жасады және олар бұл қауіптің қандай екенін көріп отыр. Сондықтан олар өзін-өзі қорғауға құқылы.
Қалай дегенмен, Дональд Трамп Сауд Арабиясын «НАТО-ға мүше емес негізгі одақтас» санайды. 2019-2023 жылдар аралығында Сауд Арабиясы қару-жарақтың 75%-ын АҚШ-тан импорттаған. Былтыр екі ел саладағы серіктестікті нығайту мақсатында 142 млрд АҚШ доллары көлемінде келісім жасасты. Мұндай сома бұрын-соңды болмаған. Өткен айда АҚШ Мемлекеттік департаменті Сауд Арабиясына бесінші буынға жататын 48 F-35 жойғыш ұшағын сатуға рұқсат берді. Мәміленің жалпы құны – шамамен 24,5 млрд доллар. Келісім аясында 49 қозғалтқыш, байланыс құралдары мен қосалқы бөлшектер де жеткізіледі.
Сауд Арабиясы Франция, Ұлыбритания, Пәкістан және Мысырдан әуе қорғанысы бойынша көмек сұрады. Бұл Сауд Арабиясының әскери әлеуеті әлсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл ел әлем бойынша қорғанысына ең көп қаржы жұмсайтын елдердің бірі. F-15 жойғыштары, Patriot және зымыранға қарсы әуе қорғаныс жүйелері бар. Бірақ хуситтермен қақтығыста Рияд үшін басты мәселе – қарудың аздығы емес, соғыс тактикасы. Мәселен, хуситтер дрондар мен зымырандарды пайдаланып, таулы аймақтарда жасырын әрекет етеді. Олардың нысаналарын дәл анықтау Саудияға оңайға соқпайды.
Тағы бір маңызды жайт – бұл география. Йемен – аумағы кең, жер бедері күрделі мемлекет. Елдің солтүстігі мен батысын таулы аймақтар қоршап тұр. Ал хуситтер мұны әскери мақсатта тиімді пайдаланады. Олар қару-жарақ қоймаларын, зымыран кешендерін және басқару пункттерін таулы жерлерге немесе жерасты нысандарына жасырады. Қазіргі ең қызу шайқастар елдің оңтүстік-батысындағы Таиз және Лахж провинциялары арасындағы таулы аймақта жүріп жатыр. Атап айтқанда, Кахбуб таулары стратегиялық маңызға ие. Бұл биіктіктер Баб-эль-Мандеб бұғазына дейінгі жолдарды бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Таиз қаласының батысындағы Жабаль Хан тауы маңында да қақтығыстар жүріп жатыр. Кахбуб биігінің де маңызы ерекше. Себебі бұл таулы қыраттар Қызыл теңіз жағалауы мен Йеменнің оңтүстігін байланыстырады. Сондықтан хуситтер де, үкімет күштері де таудағы позицияларды бақылауға ерекше мән береді.
Сауд Арабиясы әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші мемлекет болғандықтан, хуситтер үшін Саудияның мұнай нысандары, шикізат өңдеу зауыттары, әуежай, порт, энергетикалық инфрақұрылымын алу маңызды. Сондықтан Саудияға тек әскерінің қамын күйттеу аздық етеді. Бүкіл елдің инфрақұрылымын берік қорғауы керек.
Тегтер #24KZ #Сауд Арабиясы #хуситтер #әскери көмек #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz