RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан әлемге алма отаны ретінде таныстырылды

07.10.2026, 21:31 47

Париждегі бірегей көрме алма отаны - Қазақстанның Тянь-Шань таулы өлкесінен басталады.

Дәл осы жерде мыңдаған жыл бойы табиғи ортада Malus sieversii сұрпы - Сиверс жабайы алмасы өсіп келеді. Сондықтан экспозицияда алма шаһары Алматыға да ерекше орын берілген. Жалпы мұнда алманың түр-түрін көруге болады. Көрмені Париж әкімшілігі мен Францияның ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған ортаны зерттеу ұлттық институты Алматының ботаникалық бағымен бірлесіп ұйымдастырды. 

Режис Криснер, Париж ботаникалық бағының қараушысы:

- Алма туралы бұл көрме Қазақстанда, Алматыда дүниеге келді. Біз онда алма ағаштары мемлекет тарапынан қалай қорғалып отырғанын көрдік. Ғалымдардың осы мақсатта атқарып жатқан жұмыстары бізге қатты әсер етті. Сондықтан мұнда, Багатель оранжереясында, алма тарихын Қазақстаннан және Сиверс алмасынан бастауды ұйғардық.

Алманың Орталық Азиядан Еуропаға дейінгі сапары мыңдаған жылға созылған. Батысқа тараған сайын жабайы алма басқа түрлермен будандасып, адамдар біртіндеп ең дәмді әрі төзімді жемістерді іріктеген. Бүгінде француз ғалымдары да қазақ жеріндегі алманың алуан түрлілігін сақтауға мүдделі. Екі елдің ғылыми орталықтары осы бағытта бірлесіп жұмыс істеп келеді. 

Филипп Моген, INRAE президенті:

- Бұған дейін Қазақстан университеттері мен біздің институт ауыл шаруашылығының бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде генетика саласында ынтымақтастық орнатқан. Бүгін біз келушілерге алманың шығу тегі Қазақстанмен байланысты екенін көрсетіп отырмыз. Қазір біздің зертханалар мен ғылыми орталықтарда алманың мыңдаған сорты зерттеледі. Мақсат – дәмі жақсы әрі денсаулыққа пайдалы сорттарды жетілдіру.

Қазақстанның алмасы Париждің өзінде де тамыр жайып үлгірген. Ботаникалық бақтың қор сақтаушысының айтуынша, Венсен орманы маңындағы бағбандық мектебінде Сиверс алмасының екі түбі өсіп тұр. Биыл олар жеміс берді. Алайда Париждегі аптап ыстыққа шыдау қиынға соқты. Бірақ қазақстандық жабайы алма француз мамандарына климат өзгерісінің өсімдіктерге әсерін зерттеуге мүмкіндік берген.    

Антуан Гийу, Париж мэрінің жасыл аймақтар жөніндегі орынбасары:

- Алма – көрме үшін өте қолайлы экспонат. Осы жеміс арқылы оның алуан түрлілігін, қайдан шыққанын, қалай қалыптасқанын және біздің тамақтану мәдениетіміздегі орнын түсіндіруге болады. Мұнда Қазақстан Парижге келді деп айтуға болады.

Бұған бөлек Париждің жасыл аймақтар басқармасы Багатель бағында қазақ даласының гүлдеген бір бөлігін де жаңғыртуға талпынып жатыр. Ал алмаға арналған көрме 8 қарашаға дейін жұмыс істейді. Келер көктемде Париж тұрғындары мен қонақтары мұнда Қазақ даласына тән өсімдіктерді де көруі мүмкін.

Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz