Еуропаға жеткен әрбір үш мигрант баланың екеуі жолды ересектерсіз өткереді.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа есебінде айтылды. Мамандардың бағалауынша, былтыр кәмелетке толмаған босқындар мен мигранттардың жалпы саны азайғанымен, ата-анасыз немесе қамқоршысыз келгендердің үлесі күрт өскен. Мұндай балалар жолда зорлық-зомбылық пен қанауға жиі ұшырайды. Жасөспірімді үйінен кетіп, мыңдаған шақырымдық қауіпті сапарға шығуға не мәжбүрлейді?
2025 жылы Еуропаға теңіз және құрлық жолдарымен 31 мыңнан аса бала жеткен. Оның 21 мыңға жуығы ата-анасыз немесе заңды қамқоршысынан бөлек келген. Бір жыл ішінде мұндай балалардың үлесі 51 пайыздан 67 пайызға дейін өсті. БҰҰ мәліметінше, олардың басым бөлігі Италия мен Испанияға барады. Мұндай босқындардың көбі Мысыр, Эритрея, Сомали, Бангладеш пен Эфиопиядан шығады. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің қауіпті сапарға шығуына түрлі себеп бар. Көбіне экономикалық қиындық, жұмыс пен білім алу мүмкіндігінің аздығы әсер етеді. Ал кейбірі қақтығыс пен саяси тұрақсыздықтан қашуға мәжбүр.
XIV Лео, Рим Папасы:
- Балалар мен жасөспірімдер - ең осал топ. Олар жолда адам айтқысыз азап пен қиындыққа тап болып, ауыр психологиялық жағдайды бастан кешеді. Кейбірі жолда көз жұмады. Баршаңызды жауапкершілік танытуға шақырамын. Балалар қай жерде болса да( әрдайым қорғалуы тиіс.
Қауіпті сапар бірнеше ел мен бірнеше кезеңнен өтеді. Соның ең қатерлі тұстарының бірі Солтүстік Африка. Халықаралық көші-қон ұйымы Жерорта теңізі, Батыс Африка және Балқанға қарай босқан 4 мың 600-ден астам баладан сұхбат алды. Олардың жартысына жуығы жолда зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Адам ұрлау, азаптау, мәжбүрлі еңбекке салу деректері де көптеп кездеседі. Халықаралық есепте Ливия зорлық пен қанау ең жиі тіркелетін ел ретінде аталады. Қылмыс көбіне қарулы топтардың тарапынан жасалады. Одан кейінгі ең қауіпті кезең - теңіз жолдары. ЮНИСЕФ-тің бағалауынша, кейінгі он жылда Орталық Жерорта теңізі арқылы Италияға жетуге әрекеттенген шамамен үш жарым мың жеткіншек қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл орта есеппен күн сайын бір бала деген сөз.
Эми Поуп, халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры:
- Бүгінде миллиондаған бала туған жерін тастап, жолға шығуға мәжбүр. Бірі қақтығыстан қашса, енді бірін кедейлік пен климаттық апаттар итермелейді. Олар қауіпсіздік пен жақсы өмір іздейді. Бірақ дәл осы балалар жолда ең осал топқа айналады. Көбі ұзақ жұмыс істеп, мардымсыз ақы алады, білімнен де қол үзіп қанауға тап болады.
БҰҰ мәселені тек шекараны күшейтумен шешу мүмкін емес дейді. Мамандар мигрант балаларды Еуропаға заңсыз кірген адам ретінде емес, ең алдымен қорғауды қажет ететін кәмелетке толмаған жасөспірім ретінде қарау керектігін айтады. Сондықтан халықаралық ұйымдар жалғыз келген балаларға заңды өкіл тағайындап, медициналық және психологиялық қолдау көрсетіп, білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
Эми Поуп, халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры:
- Баланы қорғау шекарада тоқтап қалмауы керек. Қай елге өтсе де, оның қауіпсіздігі бірге қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл үшін мемлекеттер мен түрлі қызметтер өзара тығыз жұмыс істеуі қажет. Біз нақты дерекке сүйеніп, зардап шеккен балалардың үнін естіп, оларды қауіпсіз білімге, еңбекке және қалыпты өмірге бастайтын шешімдерге қаржы салуымыз керек.
Осыған байланысты 12 маусымнан бастап Еуроодақтың көші-қон және баспана жөніндегі жаңа пактісі күшіне енді. Енді шекарадан құжатсыз өткен әр адам тіркеліп, жеке басы, денсаулығы және осал жағдайы бойынша тексеріледі. Ал ата-анасыз келген балаға жек тәртіп қолданылады. Шекарадағы алғашқы рәсімнің өзінде оған мүддесін қорғайтын арнайы өкіл бекітілуі тиіс. Олардың денсаулығы мен психологиялық жағдайы тексеріліп, зорлық не адам саудасының белгісі байқалса, арнайы қорғау қызметтеріне бағытталады. Білім беру де кейінге қалмауы тиіс. Бала баспана сұраған күннен бастап ең көбі екі ай ішінде мектеп жүйесіне қосылуы керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе тек бір мемлекеттің емес, тұтас әлем елдерінің бірлескен әрекетін қажет етеді. Сондықтан халықаралық ұйымдар елдерді ортақ әрекетке, өзара ақпарат алмасуға, сондай-ақ қаржы бөлуге үндеп отыр.
Авторы Әйгерім Ардаққызы
Тегтер #Еуропа #босқын #балалар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz