RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ Саудияға көмек бере ме?

08.10.2026, 07:22 52

Сауд Арабиясына шабуыл күшейгенде АҚШ неге көмек бермей жатыр? Бұған дейін Шығанақтағы бұл мемлекетке Пентагон өз арсеналынан ешкімге қимаған біраз қару берген. Бұл жақта сарбаздары да бар. Алайда жеме-жемге келгенде АҚШ хуситтерге қарсы ашық соғысқа араласқан жоқ, деп хабарлайды 24KZ.

Содан да болар, хуситтер еркін. Бұлар Саудияға шабуылдағаннан бөлек, Қызыл теңіздегі кемелер мен мұнай танкерлеріне аса қауіп болып тұр. Ал Сауд Арабиясының маңызды одақтасы Ақ үй неге көмекке келмейді? Хуситтерге неге соққы бермейді?

Ердана Ержанұлы, тілші:

– АҚШ Сауд Арабиясына көмектесіп жатыр. Бірақ Эр-Рияд сұраған әуе соққыларын жасауға әзірге келіскен жоқ. Қолдау негізінен барлау мәліметін бөлісу және нысаналарды анықтау арқылы көрсетіледі.

АҚШ-тың Саудия бастаған коалицияға әскери кеңес, барлау және логистика жағынан көмектесуі 2015 жылдан басталған. Алайда 2021 жылы Байден әкімшілігі Йемендегі шабуыл операцияларын қолдауды тоқтатты. Ол соғыстың жергілікті халықтарға келтіріп отырған тікелей залалын ескеріп, «гуманитарлық және стратегиялық апат» деп атап, келіссөзге басымдық берді. Бірақ Саудияға сырттан біреу шабуылдай қалса, көмектесетінін айтты. 2025 жылғы наурызда Трамп хуситтерге қарсы әскери операция бастады. Алайда сол жылы мамырда Оманның арағайындығымен тараптар бір-біріне шабуыл жасамауға келісті. Бірақ бұл уағдаластық Саудия мен хуситтер арасындағы қақтығысты қамтыған жоқ.

Ердана Ержанұлы, тілші:

– Биыл қақтығыс қайта күшейген соң, Эр-Рияд Вашингтоннан тікелей әскери көмек сұрады. Reuters-тің аты аталмаған дереккөздерінің мәліметіне қарағанда мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман Трампқа америкалық қарулы күштер арқылы соққы жасауды ұсынған. Бірақ Президент тартынып, әзірге барлау көмегімен шектелген. Ал CNN дереккөздері Саудияда жүзден астам америкалық әскери кеңесші жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Бірақ бұл жайлы Пентагон ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Вашингтон неге тартынып жатыр? Axios-қа пікір білдірген атын атамаған америкалық шенеуніктің айтуынша, әскери қолбасшылық Йеменде жаңа майдан ашу Иранға қарсы күш-жігерді әлсіретеді деп қауіптенеді. Десе де АҚШ-тың ресми стратегиясында хуситтерден америкалық кемелерге қауіп төнсе, қайта соққы жасауға дайын екені жазылған. Сондықтан бұл әліптің артын бағу ғана, шабуыл кез келген уақытта басталып кетуі мүмкін.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz