RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада халық саны азайып барады

08.10.2026, 08:43 60

Есесіне қарттар көбейді. Демографиялық дағдарыстың басты себебі – бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуі. Мәселен, 2024 жылы мұнда 3,55 млн сәби дүниеге келген. Бұл – тұтас құрлық үшін өте аз көрсеткіш, деп хабарлайды 24KZ.


Eurostat болжамы бойынша 2025-2100 жылдар аралығында Еуроодақ халқы 11,7%-ға азаяды. Оның шінде бала санының кемуі Грекияда қатты сезіле бастады. Бұл аймақта мектептер мен өзге де білім мекемелері жабылып жатыр.

Еуропалық Одақ елдерінде соңғы жылдары бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті. World Population Review ұйымының тәуелсіз зерттеуіне сәйкес әлем бойынша қарт адамдардың ең жоғары үлесі Жапонияда тіркелсе, кейінгі 10 орын кәрі құрлық елдеріне тиесілі. Тізімде Италия, Испания, Грекия мен Португалия көш бастап тұр.

Арис Алексопулос, ЭЫДҰ мен Грекия халық санының динамикасын зерттеу орталығының басшысы:

– 2011 жылы өлім-жітім деңгейі туу көрсеткішінен артып кеткен. Сол кезден бастап халық саны қарқынды азая бастады. Болжам бойынша 2050 жылы Грекия халқының саны 10,5 млн-нан шамамен 8,5 млн-ға дейін кемиді. Жастар қоғамның ең аз бөлігін құрайтын болады.

Қазір Еуроодақта бала туу көрсеткіші 1964 жылдан бері екі есе қысқарды. Мәселен, ол кезде одақ аймағында жылына 6,8 млн нәресте дүниеге келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,55 млн-ға дейін түсті. Яғни бір әйел 1 бала ғана туады деген сөз. «Ал халық санын тұрақты сақтау үшін кемінде 2 баладан болу керек», – дейді сарапшылар. Демографиялық дағдарыстың алғашқы белгілері ретінде Грекиядағы шалғай елді мекендерде халық санының азаюынан мектептер мен әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер жаппай жабыла бастады. Енді таулы ауылдар мен шағын аралдарда тұратын балаларға мектепке қатынау қиынға соғып тұр.

Хрисса Нталака, бастауыш сынып мұғалімі:

– Биыл 6 сыныпта екі-ақ бала отыр. Келесі жылы олар орта мектепке көшу керек. Біздің де жұмысымыз тоқтайды деген сөз. Нәпақамнан айырылсам, бұл жерден көшуіме тура келеді.

Антонис Айвалиотис, оқушы:

– Бұрын Каламоста бала көп болатын. Ал қазір сыныпта екеуміз ғана отырмыз. Оқу үшін тұрып жатқан аралдан көшуге мәжбүрмін. Өйткені бұл жерде білімімді әрі қарай жетілдіре алмаймын.

Оқушылардың жоқтығынан биыл Грекияда 75 бастауыш мектеп жабылды. Осыдан 10 жыл бұрын Каламос аралында 40 бала болса, қазір оның екеуі ғана қалған. Ал орта мектепке ауысқан балалар күн сайын қайыққа отырып, теңіз арқылы жарты сағат жол жүруге мәжбүр. Жел күшейіп, теңіз тулаған күндері балалар сабақтарынан қалады.

Василис Варелис, мектеп директоры:

– Мектепке қайықпен жету әрине, өте ыңғайсыз әрі қауіпті. Оның үстіне кеме қозғалысының бағыты да өзгеріп отырады. Бұл оқу процесіне кедергі. Жеткіншектерге жаңа ортаға оңай бейімделу үшін де қиындық туғызады.

Байрон Демографиялық, зерттеу институтының басшысы:

– Бала саны аз болса да мектептерді жабу мәселесін тек экономикалық тұрғыдан қарастырмау керек. Қаржы үнемдегенмен болашақта бұл шешімнің тигізетін зияны көп. Біріншіден, жастар тұрақтамай, көшіп, халық санының азаюына әкелді. Екіншіден, туу көрсеткіші төмендеп, халықтың қартаюы мен өлім-жітім көбейді. Бұл өз кезігінде демографиялық құлдырауға әкелді. Қарттар үйі де көбейіп кетті.

Eurostat болжамына сәйкес 2025-2100 жылдар аралығында Еуроодақ халқы 11,7%-ға азаяды. Осылайша, тұрғындар саны 53 млн-ға кемуі ықтимал. Мамандар халық санының азаюы мен тұрғындардың қартаюын көші-қон мәселесімен де байланыстырады. «Сондықтан тиісті шараларды алдын ала қолға алу керек», – дейді.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz