Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық тауар саудасы қызды. Әсіресе азық-түлік өнімдері кең сұранысқа ие бола бастады. Таяуда екі ел арасында кедендік баж салығын төмендету жөніндегі арнайы келісім күшіне енді. Соның аясында кей өнімдерді шекарадан шектеусіз алып өту жағы жеңілдеді. Мұндай мүмкіндік Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге біркелкі негізде ұсынылып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстанда шығарылған бал, сусын, ет және ұн өнімдері Абу-Дабидің дәстүрлі азық-түлік көрмесіне қойылды. Көпшілік назарына кіл брендтік тауар ұсынылды. Соның ішінде құрмадан жасалған шырын да бар. Алматылық кәсіпкерлер мұны араб нарығына арнайы әзірлеген. Аз ғана уақытта саудасы қызып, танымал бола бастады.
Жасұлан Ортаев, «NEW ENERGY DRINKS KZ» компаниясының коммерциялық директоры:
– Құрмамен қосылған сусынды Қазақстанда ойлап тапқаннан кейін, осы жақ құрмаға жақын болғаннан кейін бірінші рет келіп жатырмыз. Зауыт – қазақстандық, алматылық. Алматыдан әкеліп отырмыз. «ҚазТрейд» осындай көрмелерге шығуға көмектесіп жатыр.
Араб елдері азық-түліктің басым бөлігін сырттан тасиды. Кемемен де, ұшақпен де жеткізу жолдары бар. Әсіресе әмірліктердің мүмкіндігі орасан. Бұл жақ кедендік баж салығын кез келген мемлекетке төмендете бермейді. Ал қазақстандық өндірушілерге Еуразиялық экономикалық одақ аясында жеңілдетілген тәртіппен сауда жасауға жол ашылып отыр. Алыс-беріске жататын тауарлардың 85 пайызына шекарада шектеу жоқ.
Маджид Әл-Зааби, Абу-Даби Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі басқармасының серіктестік жөніндегі бөлім басшысы:
- Біріккен Араб Әмірліктері – ірі нарық әрі маңызды сауда хабы. Осы жерден 3,5 млрд адамды қамтитын елдерге шығуға мүмкіндік бар. Мысалы, Үндістанға ұшақпен шамамен 3 сағатта, Мысырға 3,5 сағатта жетуге болады. Сондықтан әмірліктер географиялық тұрғыдан тиімді жеткізу тізбегіне ие. Біз жаңа серіктестіктер құрып, сауда мен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен байланысымыз бекем.
Демек Қазақстанның шығанақ елдерімен сауда айналымы енді тек артуға тиіс. Осы мақсатта Алматыдан Дубайға карго рейстері көптеп іске қосылды. Аптасына екі мәрте қатынайды. Бұдан бөлек, Абу Даби мен Дубайда бірнеше қазақ сауда үйі жұмысын бастады. Онда отандық өнімдер бірегей бренд ретінде танылып келеді.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #24KZ #БАӘ #тауар нарығы #сауда айналымыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz