Ормуз бұғазындағы ахуал әлемдік мұнай нарығына қысымды күшейтіп отыр. Қара алтын тасымалындағы кедергіден бөлек, танкерлерді жалдау құны, сақтандыру шығындары мен логистикалық қиындықтар қара алтын құнының төмендеуіне мүмкіндік бермей отыр. Өндірушілер балама бағыттарға көшіп, жеткізу шығынының артуы мен отынның қымбаттауына әкелді. Бұдан тұтынушылар зардап шегуде, деп хабарлайды 24KZ.
Иранда қарулы қақтығыс басталғалы Таяу Шығыстан экспортталатын мұнай көлемі қыркүйектің соңында ғана ең жоғары деңгейге жетті. Танкерлерге шабуыл жасау қаупі сақталса да, Ормуз бұғазындағы тасымал біртіндеп жанданып келеді. Kpler сараптамалық компаниясының мәліметінше, қыркүйек айының соңында бұғаз арқылы тәулігіне орта есеппен 14,2 млн баррель мұнай тасымалданған. Бұл – соғысқа дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 80 пайызға тең. Соған қарамастан, қара алтынның бағасы шарықтап тұр. Өйткені оған шикізат жеткізілімінен тыс, логистикалық факторлар да әсер етуде. Егер бұрын әлемдік мұнай өнеркәсібі оны ұзақ қашықтыққа барынша аз шығынмен жеткізсе, қазіргі геосаяси тұрақсыздық көп өзгеріс әкелді. Себебі танкерлерді жалдау құнының қымбаттауы мен сақтандыру шығындарының өсуі және мұнай өңдеу қуатының төмендеуі бағаны анықтайтын негізгі факторлардың біріне айналған.
Балаж Вереш, Supernova Intertrans бас директоры:
- Жанармай бағасы шарықтап тұр. Венгрияда және жалпы Еуропада дизель отынының құны аспандап барады. Жұмыс күші де тапшы. Бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет. Өйткені логистикадағы қиындықтардан шағын бизнес қатты зардап шегіп отыр. Негізі, логистика саласы Еуропа экономикасының қай бағытта дамып жатқанын алғашқылардың бірі болып сезеді. Қыркүйек айының басынан бері жүк тасымалы біршама жандана түскенімен, отын дағдарысы мен соғыстың салдары Еуропа экономикасына ауыр соққы болып тиіп отыр.
Ормуз бұғазы бұғатталғалы өндіруші елдер мұнайды жеткізу үшін балама бағыттарды қарастыра бастады. Бұл өз кезегінде жүріп өтетін жолды ұзартты. Сатып алушылар да мұнайды алыс өңірлерден іздеуге кірісті. Өйткені қорларда сақталған мұнай күрт азайған. Ірі экспорттаушы ел Сауд Арабиясы «Шығыс-Батыс» мұнай құбырын пайдаланып, қара алтынды Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портына жеткізуге көшті. Әлемдік мұнай жеткізілімінің 4 пайызы осы бағыт арқылы жүзеге асырылып отыр. Алайда шабуыл салдарынан бұл ұзаққа созылған жоқ. Кейін Сауд Арабиясы шикізатты Парсы шығанағына Ормуз арқылы шығаруға мәжбүр болды. Бұл да бағаға әсер етті. Жуырда «Үлкен жетілік» (G7) елдері оны тұрақтандыру мақсатында стратегиялық қорлардан 100 миллион баррельге дейін мұнай мен дизель отынын босату туралы шешім қабылдаған еді. «Алайда бұл мәселені шешпейді», - дейді Saudi Aramco компаниясының басшысы.
Амин Насер, Saudi Aramco басшысы:
– Ормуз бұғазы толық ашылмайынша мұнай нарығына қысым күшейе береді. Ірі өндіруші елдердің сеніміне де кіру оңайға соқпайды. Мұнай тапшылығы мәселесі шешілгенмен мұнай өнімдері бағасының өсімі тоқтамайды. Қордағы шикізатты нарыққа шығару сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоя алмайды. Ормуз бұғазымен тасымал қайта қалпына келгеннен кейін де мемлекеттерге стратегиялық қорларын толтыру үшін екі жылдай уақыт керек болады.
Жалпы танкерлерді жалдау құнының өсуі тасымалдау жүйесінің өзгеруімен байланысты. Нақтырақ айтқанда, мұнайды Ормуз бұғазы арқылы Оман шығанағына жеткізу үшін бұрын бір танкер жеткілікті болса, енді бірнешеуі қажет. Өйткені Азияға экспортталатын шикізат Атлант мұхитының бассейнінде шағын кемелерге қайта тиеледі. Осылайша, танкерлік тасымал нарығында сұраныс артып, жалдау құны рекордтық көрсеткішке жетті. Кеме қатынасының брокері Poten & Partners компаниясының мәліметінше, оның бағасы тәулігіне 1,2 миллион доллардан асып кеткен. Бұл көрсеткіш қаңтар айында небәрі 30 мың доллардың шамасында еді. Әлемдегі ірі тәуелсіз энергетикалық және тауарлық трейдинг Vitol компаниясының басшысы Расселл Хардидың айтуынша, Батыс елдерінің қоймаларындағы қордың азаюынан әлемдік мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін көтерілу қаупі бар.
Расселл Харди, Vitol компаниясының басшысы:
– Батыс елдерінде мұнай қоры таусылуға шақ. Мұнай өнімдері бойынша жағдай әлі де өте күрделі. Бұл ахуал біраз уақытқа созылуы мүмкін. Қыстан шыққанша жағдай оңала қоймайды. Әлемдік мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін көтерілу қаупі бар.
АҚШ экономикасы мықты болғанымен, АҚШ-та да стратегиялық қор біртіндеп азайып барады. Елдің Энергетика министрлігінің мәліметінше, ондағы қара алтын 283 миллион баррельге дейін төмендеген. Бұл – 1982 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Малайзиялық Petronas компаниясының өкілдері: «Қыс жақындаған сайын энергетикалық ресурстар нарығындағы ахуал шиеленісіп кетуі ықтимал», - дейді. Айтуынша, егер газ қоймаларындағы қор көлемі одан әрі азая берсе, келесі жылдың басында нарықта мұнай тапшылығына әкеліп, дағдарыс басталуы мүмкін.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #шартарап #Ормуз бұғазы #логистика #мұнай бағасы #Иран #Таяу ШығысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz