Сауд Арабиясы мұнай экспорттауға жаңа жолдарды қарастырып жатыр.
Бұл өзгеріс ұзақ мерзімді келісімшарттарға енгізілуі мүмкін. Бұған дейін қара алтын тасымалдау үшін логистика жағына сатып алушылар бас қатыратын. Енді Эр-Рияд тұтынушыларға “бізден алсаңдар, мұнайды өзіміз жеткізіп береміз” деп отыр. Өйткені нарықтағы үстемдігін сақтап қалудың басқа амалы да болмай тұр. Себебі АҚШ-тың Иранмен арадағы соғысы 8-айға созылды. Ал тараптар бір-бірінің ығына жығылатын түрі жоқ. Демек, Ормуздың "қақпасы" қашан ашылатыны да белгісіз. Олай болса, логистиканың бұзылуы әлемдік нарыққа қалай әсер етеді?
Ормуз «қақпасынан» шығар жолда жойқын жарылыс болды. «Фарс» агенттігінің дерегі бойынша бірнеше танкер минаға түскен. Қазір бірлі-жарым кеме болмаса, стратегиялық су жолының толық ашылар түрі көрінбейді. Мәселен, 6 қазанда бұғаз арқылы тек 7 су көлігі өткен. Бұл - кейінгі екі айдағы ең төмен көрсеткіш. Бұл арада Сауд Арабиясы тұтынушыларға тиімді ұсыныс жасады. Эр-Рияд "бізден алсаңдар, логистика жағына бас қатырмайсыңдар. "Мұнайды өзіміз жеткізіп береміз" деп отыр. Сарапшылар осылайша Саудия әлемдік нарықтағы позициясын сақтағысы келетінін айтады.
ЦИТАТА:
SAUDI ARAMCO компаниясының бас директоры:
- Қазір дүниежүзілік геосаяси ахуал тұрақсыз. Жаһандық мұнай қоры сарқылуға шақ тұр. Бұл арада энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңыздылығы арта түсті. Осы ретте әлемдік мұнай саудасын реттеуге күш салу қажет. Біздің өндірісті ұлғайтуға шамамыз жетеді. Бұл үшін қажет инвестиция мен технологиямыз да бар.
Қазір Ормуз қақпасына кіріп шығу өте қауіпті. Сондықтан танкер жалдау ақысы да арзан емес. Мұның салдарынан тұтынушылардың шығыны көбейді. Ал Саудия шикізатты бұғаздан шығарып, бір танкерден екіншісіне ауыстырып, әрі қарай жеткізеді. Тасымалдың жаңа жүйесін Эр-Риядтан бөлек БАӘ, Кувейт пен Ирак та қолдана бастады. Сондай-ақ Ормузға кірмей, жаңа бағыттар қарастырып жатқандар да бар.
Бассем Абдул Карим, Ирак мұнай компаниясының бас директоры:
- Ирактың оңтүстігінде Басра, Майсан және Ди-Кар мұнай компаниялары жұмыс істейді. Қазір үшеуінің мұнай өндірісі тәулігіне 3 миллион баррельден асты. Сөйтіп, күніне 2 млн 550 мың баррель қара алтын экспорттап отырмыз. Соның 250 мың баррелін, яғни 10 пайызын жүк көліктеріне тиеп тасымалдаймыз.
Ормуз қақпасы жабылып, логистика тепе-теңдігі бұзылған тұста, Эр-Рияд басқа бағыттарды қарастырып жатыр. "Сауди Арамко" ірі мұнай компаниясының бас директоры Амин Нассер "Никкей" басылымына берген сұхбатында Мысырдағы жалпы ұзындығы 320 шақырымға жететін "Сумед" мұнай құбырын пайдалануымыз мүмкін деп мәлімдеді. Бұған йемендік хуситтердің шабуылы мәжбүрлеп отыр. Өткен айда олар шығыс-батыс мұнай құбырын жарып жіберген еді. Десе де, Эр-Рияд инфрақұрылымды көп ұзамай жөндеп, қайта іске қосты. Бұл шикізатты Ормуз бұғазына кірмей, тәулігіне 6 млн баррель мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді.
Ал Лондондағы Балтық биржасының дерегі бойынша 7 қазанда АҚШ-тан Азияға танкер жалдау ақысы 77 млн долларға жетті. Салыстырар болсақ, былтыр бұл баға небәрі 9 млн 200 мың доллар болатын. Яғни бір жылда тұтынушылардың шығыны 8 есе өсті. Мәселен, бір танкер 2 млн баррель мұнай тасиды. Ал осы шикізатты жеткізу ақысы 77 млн доллар делік, демек мұнай тасымалының әр баррелі 38,5 долларға тең. Ал Брент маркалы мұнайдың бағасы қазір 100 доллардан түспей тұр. Сондықтан тұтынушы елдер басқа нарыққа бет бұра бастады. Бұл арада Парсы шығанағы елдері географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан аймақ. Осы ретте Сауд Арабиясы мүмкіндікті құр жібермей, мұнай тасымалы бойынша жеңілдік ұсынып отыр.
ЦИТАТА:
Саад Рахим, Trafigura компаниясының бас экономисі:
- Қазір мұнай нарығында логистика мәселесі өткір тұр. Мәселен, кейінгі бірнеше аптада американдық мұнайдың Азияға экспорты азайды. Бұған танкер жалдау ақысының қымбаттауы себеп. Бұрын АҚШ-тан Азияға мұнай тасу тиімді болса, қазір керісінше шығыны көп. Демек, мұнай өндірісінде аса ауытқу жоқ. Тек логистика тепе-теңдігі бұзылған.
Блумберг басылымының дерегі бойынша Саудия келесі жылға ұзақ мерзімді келісім жасайтын елге жеңілдік ұсына бастады. "Керек болса, мұнайды Брент маркасының бағасына береміз", - дейді. Қазір Эр-Рияд Оман мен Dubai Crude фьючерсі бойынша сауда жүргізеді. Бұл екеуі әлемдік нарықтағы ең қымбат эталонды мұнай сорты саналады. Бұған дейін Саудия Азия елдеріне шикізатты 5 долларға арзанға берді. Есесіне Еуропа елдері үшін 3 долларға қымбаттаса, ал Құрама Штаттар үшін баға өзгеріссіз қалды.
Ади Имсирович, Surrey Clean Energy компаниясының директоры, Оксфорд университетінің ғылыми қызметкері:
- Парсы шығанағындағы мұнайдың өзіндік құны арзан. Мәселен, Сауд Арабиясы мұнайының шығыны барреліне 10 доллар. Бүкіл Таяу Шығысты алсақ, қара алтынның орташа өзіндік құны – 27 доллар. Ал АҚШ өндіретін шикізаттың 70 пайызы - тақтатас мұнайы. Мұның өзіндік құны барреліне 50 мен 65 доллар аралығында. Яғни мұнайдың арзандауы американдық компаниялар үшін тиімсіз. Ал Сауд Арабиясы секілді елдер қара алтын барреліне 40 доллардан да саудаланса, өндірісті тоқтатпай, экспортты жалғастыра алады.
Жер бетіндегі халықтың 3/1 бөлігі тұратын Үндістан мен Қытай әлем мұнайының 22 пайызын тұтынады, яғни ең ірі тұтынушы. Сондықтан кейінгі кезде мұнайдың стратегиялық бағыты Батыстан Шығысқа ауысып келеді. Мұны Сауд Арабиясы жақсы біледі. Азияға арзан баға ұсынуының басты себебі де осы. Демек, нарықта нағыз бәсеке басталды.
Авторы Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Таяу Шығыс #АҚШ Иран #Иранмен соғыс #мұнай тасымалы #24KZ #ИранPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz