Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы шарықтап, кейінгі 4 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті.
Қыркүйек айында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының индексі 2022 жылдың қарашасынан бері 136-тармағынан асты. Бұған логистикадағы іркіліс пен баж салықтары әсер етті. Климаттық өзгеріс те жекелеген елдерге ғана емес, жаһандық азық-түлік нарығына кері әсерін тигізіп жатыр.
Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы қайта қымбаттап барады. Қыркүйек айында оның деңгейін көрсететін ФАО-ның индексі 1,5 пайызға өсті. Ал жылдық есепте бұл көрсеткіш 6 пайызға жуықтады. Негізінен өсімдік тектес дәнді дақылдар, майлар мен қанттың бағасы аспандап кеткен. Мамандардың айтуынша, бұған басты себеп халықаралық сауда тасымалы жолдарындағы кедергілер, Солтүстік Америкадағы егінге төнген қауіп пен Бразилия экспортының қысқаруы.
Максимо Тореро, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі:
- Ормуз бұғазы мен Қара теңіздегі кеме қатынасының тежелуі энергия көзі мен азық-түлік бағасының өсуіне және тасымал құнының қымбаттауына әкеледі. Жағдайды табиғат апаттары да күрделендіріп отыр. Ахуал өзгермесе көп ұзамай азық-түліктің тұтынушылық бағасына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе импортқа тәуелді елдерге қиын болады.
Жаһанда қыркүйек айында қант бағасы 6 пайыздан астам қымбаттады. Өйткені ұсыныс қысқарды. Мәселен, биыл Үндістанда жауын-шашын аз түсіп, Эль-Ниньо құбылысы күшейсе, Бразилияда керісінше жаңбыр төпелеп жауған. Ал Таиландта өндіріс көлемі төмендеп кетті. Эль-Ниньоның әсері әлемнің өзге елдерінде де қатты сезіліп жатыр.
Максвелл Сибхенсана, ФАО-ның төтенше жағдайлар және тұрақтылық жөніндегі басқарма директорының орынбасары:
- Жауын-шашынның мол түсуі су тасқынына әкеледі. Бұл, өз кезегінде, егінге, малға, жайылым алқаптарын жарамсыз етеді. Яғни нарыққа жеткізілетін өнім азаяды немесе мүлдем болмай қалады деген сөз. Салдарынан өткір азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін.
Ауа райының қолайсыздығы жекелеген өңірлерге ғана емес, жаһандық сауда нарығына кері әсер етеді. Десе де, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы 2026 жылы астық өнімі шамамен 3 миллиард тонна болады деп болжап отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, Қара теңіз аймағындағы ахуалға байланысты астық тасымалының қысқаруы жағдайды қиындатып тұр. Яғни азық-түлік нарығындағы дағдарыс бір жағынан саудадағы іркілістер мен логистикалық шығындардың өсуінен болса, екінші жағынан климаттық апаттардың кесірінен орын алуда. Сондықтан мамандар азық-түлік бағасының одан әрі өсу қаупі бар екенін ескертеді.
Авторы Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #әлемде #азық түлік бағасы #қымбаттады #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz