RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан құрамасы робототехникадан әлем чемпионатына қатысты

10.10.2026, 21:17 49

Спорттық робототехникадан Қазақстан құрамасы Кореяда өткен әлем чемпионатында жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды.

FIRST GLOBAL CHALLENGE турнирінде команда төртінші орынды иеленді. Беделді жарысқа 14 пен 18 жас аралығындағы 4500 инженер қатысты.

Владислав Цой, тілші:

- Ойын өртті сөндіруді бейнелейді. Шарлар өрт ошақтарын білдіреді. Командалар шарларды жинап, себетке салу арқылы бірлесіп өртті сөндіреді. Ойынның ұзақтығы – 2 минут 30 секунд.

Global Challenge турнирі 9 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Жарыстың тақырыбы әр кез әртүрлі болады, бұл жылы - орман өртімен күрес. Чемпионат ұйымдастырушыларының айтуынша, жастар жай ғана робот жинап қоймай, жаһандық мәселелермен бірге күресу керектігін түсінсін деген мақсатта осы тақырыпты таңдаған. Жарысқа көп жылдан бері әлемге танымал музыкант, «Black Eyed Peas» тобының негізін қалаушылардың бірі Уильям Адамс қолдау көрсетіп келеді.

Мэт Сталфорд, FIRST GLOBAL коммуникациялар бойынша директоры:

- Барлығы 250 шар бар. Кейбір командалар оларды бірден бес данадан жинаса, енді біреулері бір кіргенде 50 шардан жинайды. Мұның бәрі сіз таңдаған стратегияға байланысты. Әр матчта басқа үш елге қарсы одақтасқан үш мемлекет қатысады, мұндағы одақтар кездейсоқ түрде құрылады. Кіммен бірге жұмыс істейтініңізді алдын ала білмейсіз, сондықтан тілдік және мәдени кедергілерді еңсеріп, командаластармен бірге стратегия құрып, мүмкіндігінше көп ұпай жинау қажет.

Биыл FIRST GLOBAL жарысында Қазақстанның намысын Алматы қаласындағы екі мектептің 5 оқушысы қорғады. Еліміздің құрамасына робототехникадан республикалық жарыстардың жеңімпаздары кірді. Команда капитаны Нұртас Серік бұл спорт түрімен 2022 жылдан бері айналысады. Оның айтуынша, қазақстандықтардың табыс сыры ауызбіршілікте.

Нұртас Серік, спорттық робототехникадан ҚР құрама командасының капитаны:

- Бізбен бірге түскен альянстар, бұл жерде роботтар үшке үш ойнайды ғой, бір альянста үш робот болады. И бізбен бірге кішкене елдер түсіп қалыпты, олар қатты көп дайындалмаған, соларға көмектесу керек болды. Ал мықты командалар мықты командалармен бірге ойнайды, кейін олар бірінші орында тұрды, біз төртке түсіп қалдық.

Күлжан Шажабаева, Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №2 мамандандырылған лицейдің директоры:

- Шектеу тоғызыншы сынып пен он бірінші сыныптың арасында жас аралығы болуы керек, сондықтан бізде тоғызы, он, он бірінші сыныптардың оқушылары келіп отыр. Бұлар кейде, білесіздер ме, кейде түнімен қонып тұрып жұмыс істейтін кездер де болады. Ата-анадан, мұғалімдерден қолдау болса, балалар әрқашан ұтады ғой.

FIRST GLOBAL CHALLENGE турнирінің үздік ойыншылары бүкіл әлемге танымал болады. Өйткені ұйымдастырушылар олармен сұхбат жазып, тікелей эфирде көрсетеді.

Асылбек Мырзахметов, Робототехника бойынша ҚР құрамасының бапкері:

- Мына жақта ең мықты жүлде, ол медальмен бірге балалардың портфолиосына үлкен бір плюстер келеді. Мысалға, мына Жапонияда оқып жатқан Елнұр деген бала Женевада алтын алған, және сол Женевада бір профессор судья болған, сол Елнұрды өз университетіне тартып, грант берген.

Робототехниканың танымалдығы жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда спорттың бұл түрі бойынша мыңға жуық команда бар. 30 мыңға жуық қазақстандық робот жинап, оларды басқарады.

Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz