RU
Толық нұсқаға өту

Амазониядағы шалғай ауылдар күн энергиясына көшті

11.10.2026, 09:00 36

Амазонияның ну орманындағы шалғай ауылдар күннен энергия өндіруге көшті. Бұған дейін электр жарығына генераторлар арқылы қол жеткізетін тұрғындар күн панельдерінің игілігін көруде. Дизель отынын бұрынғыдай алыс шаһарлардан қайықпен қатынап, тасымалдамайды. Сарапшылар баламалы қуат өндірісі жергілікті халықтың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, табиғатты сол қалпында сақтауға мүмкіндік беретінін айтады, деп хабарлайды 24KZ.


Бразилиядағы Амазония ормандарының қойнауында орналасқан Арапиунс өзені жергілікті халықты шаһармен байланыстыратын жалғыз жол болған. Алайда құрғақшылықтың салдарынан суы тартылып, аймақ тұрғындары өркениеттен ажырап қалды. Өйткені электр қуатын өндіретін генераторларға дизель отынын қалаға қайықпен қатынап сатып алатын.

Тиаго Сильва, жергілікті тұрғын:

– 2024 жылы аптап ыстық пен құрғақшылықтан қатты қиналдық. Жауын-шашын болмай, ауыз суды 20 шақырым жерден алып келіп отырдық. Таңның атысынан жасы да, кәрісі деп су тасумен әлек еді. Қалада жұмыс істейтіндер үшін тіпті ауыр болды.

Қазір жағдай өзгерді. Жергілікті қауымға күн панельдері орнатылып, су сорғылары күн энергиясымен жұмыс істей бастады. Жүйе қоймаларды толтырып, ондаған отбасын таза сумен, жарықпен қамтамасыз етуде.

Розенильсе Круз, мектеп директоры:

– Жарық келіп, мектептегі тамақтану жүйесі де өзгерді. Енді балаларға консервіленген өнімдердің орнына өзіміз дайындаған ақуызға бай тағамдар ұсынамыз. Себебі азық-түлікті тоңазытқышта сақтайтын мүмкіндік бар.

Күн энергиясы үйлерге ғана емес, мектептер мен медициналық орталықтарға жеткен. Сурукуа ауылында 116 оқушы білім алады. Бұрын сабақ кезінде дизель генераторының гүрілі естілсе, қазір мектеп толықтай күн энергиясына көшті.

Розенильсе Круз, мектеп директоры:

– Бұрынғыдай генератордың қатты дауысы емес, құстардың әні естілетін болды. Балалар далада кітап оқып, түрлі жобалармен айналыса алады. Енді мұғалімнің де, оқушының да дауысы анық естіледі.

Қоршаған ортаны басқару және бағалау институтының мәліметі бойынша, Амазонияның шалғай аймақтарында шамамен бір миллион адам әлі де электр жарығынсыз өмір сүреді. Себебі онда тиісті инфрақұрылым жоқтың қасы. Мамандар мәселені шешу үшін инвестиция тартып, жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне жүгінуді ұсынып отыр.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz