Грекияда Корония көлі тартылып барады. Су айдыны елдің солтүстігінде орналасқан. 10 жыл бұрын аумағы 34 жарым шаршы шақырымға жететін. Ал қазір табаны көрініп, шалшық суға айналған. Көлемі жөнінен елдегі 5-ші көлдің айдыны неге тартылып барады, экологтар не дейді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Бұрын толқыны жағаны ұрып, тасып төгіліп жататын айбынды айдынның жағалауы қазір сортаңға айналды. Мұның салдары сол маңдағы халыққа ауыр тиіп отыр. Коронияның суалуына климаттың өзгеруі әсер еткен. Кейінгі жылдары жауын-шашын азайып, аптап ыстық судың булануын күшейтті.
Костас Хатцивулгаридис, жергілікті қауымның басшысы:
– Бұрын суы мол еді. Көктемгі қар суымен толатын көлге кейінгі жылдары ылғал аз жиналады немесе мүлдем түспейді. Бұдан бөлек, Коронияға құйылатын бұлақ көздері де бітеліп қалған. Қазір мұны көл емес, су қоймасы деген дұрыс шығар.
Бұрын Корония көлі мен оның маңайы балықтың түр-түріне, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай болатын. Енді айбынды айдынның тартылғаны тіпті ғарыштан анық көрінеді. Мамандар 10 жылда көлдің аумағы 34-тен 3 шаршы шақырымға дейін, яғни 10 есе қысқарғанын айтады.
Димитрис Пападимос, Ұлттық сулы-батпақты алқаптар орталығының бөлім басшысы:
– Климат өзгерісі көлдегі су деңгейінің төмендеуіне әкелді. Аймақтағы температура жылдан жылға ысып барады. Кейінгі жылдары сынап бағанасы 40 градусқа дейін жетеді. Ал орташа температура шамамен 30 градус.
Табиғи байлықтың құрып кетуіне климат өзгерісінен бөлек, адами фактор да әсер еткен. Шаруалар көлге құятын арналардың суын бөгеп, шаруашылық мақсатта пайдаланады. «Ал кей жерлерде құдықтар заңсыз қазылады», – дейді мамандар.
Константинос Балтас, шаруа:
– Жарты жыл бойы бір тамшы тамбады. Наурыздан бері жаңбыр дегенді ұмыттық. Биыл аптап ыстықтан көз ашпадық.
Корония көлінде қалыптасқан күрделі ахуалға Еуроодақ та алаңдап отыр. Тіпті 2013 жылы ұйым соты Грекия билігін «кінәлі» деп үкім шығарды. Содан бері Афина көл маңындағы егістік алқаптарды суару көлемін азайтып, бақылауды күшейткен еді. Алайда бұдан әзірге нәтиже болмай тұр.
Автор: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Еуропа #көл #су айдыны #климаттың өзгеруіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz