Әлем электр көліктерге көше бастады.
Әсіресе мұндай темір тұлпарға еуропалықтар құмар. Сұраныс артқан соң автоөндіріс те осыған икемделе бастады. Әйгілі Mercedes-Benz биыл тоқпен жүретін көлік саудасын ұлғайтты. Әлемдік нарықта да былтыр жолға шыққан әр жаңа көліктің төртіншісі тоқпен жүреді. Бұл өзгеріс жаңа жаһандық бәсекенің күшейіп келе жатқанын байқатады.
Әйгілі Mercedes-Benz компаниясы нарықта ғасырдан астам уақыт алда келеді. Бірақ биыл небәрі 1 миллион 244 мың 400 автокөлік сатты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға аз. 2019 жылы электр көлік сатуды бастаған компания биыл 165 мың 500 тоқпен жүретін көлік сатты. Көрсеткіш кәдімгі көлікке қарағанда едәуір аз болғанымен, сұраныс жоғары. Биылғы сауда былтырғыдан 40 пайызға артып отыр. Сөйтіп, электромобиль нарығында әлемдік сұраныстың 16,8 пайызын қамтамасыз етті. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай деңгей бұрын-соңды болмаған.
ЦИТАТА
Компания электромобильдердің тоқсандық сатылымы бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұған негізінен GLC электромобилінің сатылымы ықпал етті. Оның көлемі екінші тоқсанмен салыстырғанда үш есе өскен. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Оны қамтамасыз ету үшін Германияның Бремен және Раштатт қалаларындағы, сондай-ақ Венгрияның Кечкемет қаласындағы зауыттар үш ауысымдық жұмыс режиміне көшті.
Матиас Гайзен, Mercedes-Benz директорлар кеңесінің мүшесі
Иә, Еуропа жаппай электр көлікке көшіп жатыр. Жыл басынан бері Еуродақта мұндай темір тұлпардың 1,64 миллионы сатылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға көп. Электр көліктерінің мұндай қарқынмен көбеюінің өз себептері де жетерлік. Мәселен, Еуроодақта экологиялық талап күшті. Әрі тоқ жанармайға қарағанда үнемді. Өйткені Ормуз бұғазындағы іркілістерден қазір еуроаймақта дизель бағасы 38%-ға қымбаттады.
Сұраныс артқан сайын Брюссель қуаттау станцияларын көбейтіп, өндірісті сақтап қалуға тырысады. Сондай-ақ Қытаймен бәсекеге төтеп беруге ұмтылады. Өйткені электромобиль нарығында Қытайдың әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ Еуропадағы көлік өнеркәсібі шетелден келетін негізгі бөлшектер мен шикізатқа тәуелді. Мысалы, Еуропаға Қытайдан импортталатын бөлшектер көлемі биыл 23 пайызға ұлғайған. Ал Еуродақ электромобильдер нарығы Еуропаның өзіне пайда әкелгенін қалайды.
БЕЛЬГИЯ
Стефан Сежурне, Еурокомиссияның өркендеу және өнеркәсіптік стратегия жөніндегі атқарушы вице-президенті:
- Біз автомобиль бөлшектерінің 70 пайызы Еуропада өндірілгенін қалаймыз. Аккумуляторлардың белгілі бір бөлігі де біздің өндірістік тізбегімізде қалуы тиіс. Егер ешқандай шара қолданбасақ, бұл саладағы 600 мың жұмыс орнына қауіп төнеді.
Тоқпен жүретін көлікке жанармайдың керегі жоқ. Бұл қазіргідей заманда, әсіресе Еуропа үшін басты артықшылық. Бірақ тоқ та тегін дүние емес. Әлемде сирек металдарға сұраныстың күрт артуының бір себебі осы. Жанармаймен жүретін көлік нарығы қара алтынға қалай тәуелді болса, электромобиль өндірісі де дәл солай мыс, литий, кобальт сынды маңызды элементтерге зәру. Қазір жаһандық саудада осындай металдарға бәсеке қыза түскен.
Сонымен электромобиль өндірісінде қолданылатын стратегиялық металдар қандай? Бұларды қай елдер өндіреді? Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйенсек, электромобиль аккумуляторы үшін ең маңызды шикізат - бұл литий. Электр энергиясын сақтауға және көліктің жүріс қашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Австралия, Чили, Қытай, Зимбабведе өндіріледі. Сосын никель. Энергия сыйымдылығы жоғары аккумуляторлардың катодында қолданылады. Негізгі өндірушілері Индонезия, Филиппин, Ресей, Канада. Тағы бір маңызды элемент - кобальт. Кейбір аккумуляторлардың катодына беріктік пен тұрақтылық беру үшін пайдаланылады. Мұны Конго Демократиялық Республикасы және Индонезия өндіреді. Келесі графит. Литий-ионды аккумулятордың анодында кеңінен қолданылады. Қытай, Мозамбик, Мадагаскар және Бразилияда табиғи графиттен бөлек жасанды графит те өндіріледі. Сирек жер металдарының ішінде неодим және празеодимның маңызы зор. Электромобильдердің электр қозғалтқыштарындағы қуатты магниттерді жасауға пайдаланылады. Ал мысты электр қозғалтқышында, сымдарда, аккумуляторда және зарядтау жүйесінде қолданылады.
Литий - Австралия, Чили, Қытай, Зимбабве.
Никель - Индонезия, Филиппин, Ресей, Канада.
Кобальт - Конго Демократиялық Республикасы, Индонезия.
Графит - Қытай, Мозамбик, Мадагаскар, Бразилия.
Неодим және празеодим - Қытай, АҚШ, Австралия, Мьянма
Мыс - Чили, Конго Демократиялық Республикасы, Перу, Қытай.
Осындай металдар өндірісінің шамамен 70 пайызы және оны өңдеудің 90 пайызға жуығы Қытайдың үлесіне тиесілі. Сондықтан әлемдік электромобиль нарығында да осы ел басымдыққа ие. Жаһандық сұраныстың 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Былтыр Қытай металл экспортына бақылауды күшейткен еді. Сол кезден бері бірқатар мемлекет бұл нарыққа тәуелді болудан қауіптене бастады. Мәселен, Еуропа Қытайдан бөлек серіктестер табуға тырысады. Бұл ретте Канада еуропалықтарға кен өндіру мен шикізатты өңдеуді бірлесіп дамытуды ұсынған. АҚШ Африка, Украина және басқа елдерде балама жеткізу тізбектерін қалыптастыруға мүдделі.
Дегенмен, Қытайдың өндірістік қуатын қысқа мерзімде алмастыру мүмкін емес. Жаңа шахталарды ашу үшін қыруар қаржы қажет. Сосын өндіріс орындарын салуға және қажетті технологияны игеруге жылдар қажет. Оның үстіне кен өндіру мен шикізатты өңдеу қоршаған ортаға едәуір зиян. Сондықтан аса маңызды минералдар үшін күрес технология, өнеркәсіп және ұлттық қауіпсіздік жолында бәсекеге айналып отыр.
Авторы Фариза Жанғанаева
Тегтер #электрлі көлік #автомобиль нарығы #сирек металдар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz