RU
Толық нұсқаға өту

Хуситтер Эр-Рияд әуежайына қайтадан соққы жасады

12.10.2026, 07:41 52

Хуситтер Риядқа қайта-қайта шабуылдап жатыр.

Тіпті Мекке мен Мединадан өзге қалаларды да түгел атқыламақ. Бұл жөнінде араб басылымдары хабарлады. Дерекке қарағанда, Саудияның азаматтық инфрақұрылымына кеше де әуеден соққы жасалған. Бұл жолғы нысана Король Халид әуежайы. Салдарынан мыңдаған шетелдік жолаушы қаладан не бері, не әрі кете алмай, далада қалады. Көбі қасиетті Меккеге қажылық парызын өтеуге барғандар. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Саудиядағы король Халид әуежайына кеше де хуситтер шабуыл жасады. Бұл жолы елдің қорғаныс жүйесі дер кезінде тосқауыл болып, бірнеше зымыранды қағып түсірді.  

Бірақ терминалдан тағы қою қара түтін көтерілді. Куәгерлер “Риядтың басты әуе қақпасында жарылыс болды. Он шақты адам жараланып, біреуі қаза тапты” дейді. Белгілі болғандай, ресми органдар тарапынан халықаралық және елішілік рейстерді орындауға тыйым салынды. Хуситтер болса, азаматтық инфрақұрылымға шабуылды жалғастыруға бекінді. Тіпті "Мекке мен Мәдинадан өзге барлық қаланы нысанаға аламыз" дегенді айтып қалды.

Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:

- Хуситтер кейінгі бірнеше күнде Саудиядағы бес әуежайға соққы жасады. Ең жойқыны жүздеген адамның зардап шегіп, 8 мемлекет азаматының қаза табуына әкеп соқты. Бұл Йемендегі лаңкестік топтың кезекті қылмысы. Олардың бұл қылмысын жауапсыз қалдыруға болмайды.

Корольдік билігі халықаралық қауымдастықты хуситтерге қарсы тізе қосып әрекет етуге шақырып отыр. Әсіресе Түркия мен Пәкістан тарапынан нақты қадамдар күтеді. Сарапшылар сөзіне сенсек, бұл жағдайда азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылды айыптау жеткіліксіз. Айтпақшы, Саудия тарапы хуситтердің ирандық қару-жарақ қолданып жатқанын анықтап, ресми Тегеранға шүйліге бастады.  

Араб басылымдары осы жайт қақтығыс ауқымын кеңейтуі мүмкін деп топшылайды.

Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:

- Сауд Арабиясы елдің қауіпсіздігін сақтап, тұтастығын қорғау үшін бар күш-жігерін салуда. Дегенмен, халықаралық қауымдастық көмекке келеді деген сенімдеміз. Әлбетте Корольдіктің өз мүмкіндігі орасан. Бұл араб түбегіндегі күш-қуаты мол мемлекет. Соған қарамастан мұсылман әлемі үнсіз қалмай, хуситтерге бірге тойтарыс беруі қажет.

Ресми Рияд әуе қатынасы жақын арада қалпына келуі тиіс дейді. Ал әзірге араб жеріндегі шетелдіктердің ешбірі әуежай маңына бармау керегі ескертілді. Қандай да көмек қажет болса, дипломатиялық миссия өкілдіктеріне жүгіну шарт.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Еске салайық, сенбіден жексенбіге қараған түнгі шабуыл кезінде Риядта 12 адам қаза тауып, 300-ден астамы жараланды. Кейбірі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.

Авторы Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz