Қырғызстанда шекара бекеттерінде жүйелі түрде пара алып келген кеденшілер мен шекарашылар қамауға алынды. Бұл туралы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Баткен облысының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің жасырын камераға түсірген видеожазбаларын көргенін айтты. Онда қызметкерлердің жүргізушілерден тауарды шекарадан өткізгені үшін жүйелі түрде ақша алып отырғаны анық көрінген.
Күні кеше 15 кеденші мен шекарашы ұсталды. Контрабанданы өткізіп, ақша алады. Жасырын камера 15 күн тұрды, күн сайын ақша жинау конвейер секілді жұмыс істеген. Жүргізушілер кіріп, ақша қалдырып кетеді, кейін кеденші оны қалтасына салады. Артынша шекарашы кіріп, ақшаны қалтасына басады. Қазір олар түгел қамауда отыр, - деп мәлімдеді Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров 2020 жылдан бері Кеден және Шекара қызметтерінен контрабанданы мүлдем жоюды қатаң талап етіп келе жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, елге кіретін барлық тауар заңға сәйкес міндетті түрде рәсімделіп, тиісті төлемдер толық көлемде мемлекеттік қазынаға түсуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы осындай қатаң бақылау мен заңсыз схемалардың жолын кесудің арқасында елдің кедендік түсімдері 30 миллиард сомнан 160 миллиард сомға дейін өскенін хабарлаған болатын. Құқық қорғау органдары шекарадағы заңбұзушылықтарға қарсы күресті бұдан әрі де жалғастырмақ.
Тегтер #Қырғызстан #Садыр Жапаров #24жаңалықтар #24KZ #шекара қызметі #Қырғызстан кеденіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz