Жасанды интеллект саласына инвестициялардың қарқынды өсуі әлемдік сауданың дамуына серпін берді. Осыған байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымы биылғы тауар айналымының өсу болжамын екі есеге арттырды. Дегенмен жаһандық сауданың өсімі біркелкі емес. Кей салалар қарқынды дамыса, енді бірі шығынға батып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Әлемдік сауда биыл күткеннен жоғары өсім көрсетті. Көктемде Таяу Шығыстағы соғыс, жүк тасымалының қиындауы мен энергия бағасының өсуі жаһандық экономикаға кері әсер етеді деген болжам болған. Алайда кәсіпорындар жеткізу бағыттарын өзгертіп, басқа өңірлердің өнімдеріне сұраныс артты. Жасанды интеллектке қажетті чиптер мен серверлерге де тапсырыс айтарлықтай өсті. Нәтижесінде жылдың алғашқы жартысында әлемдік тауар саудасы 3 жарым пайызға ұлғайды.
Джоанна Хилл, Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары:
– Жылдың алғашқы жартысында көрсеткіштер біз күткеннен де жоғары болды. Сондықтан биыл әлемдік тауар саудасы 3,9 пайызға өседі деп болжап отырмыз. Бұл наурызда айтылған 1,9 пайыздық болжамнан екі есеге жуық көп.
Биыл жасанды интеллектке қажетті тауарлар саудасы айтарлықтай өсті. Дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 67 пайызға артқан. Әлемдік сауда өсімінің 47 пайызына жуығы чиптер, серверлер және басқа да технологиялық жабдықтарға тиесілі. Нәтижесінде электрондық жабдықтар өндіретін елдердің саудасы жанданды.
Роберт Стайгер, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас экономисі :
- Жасанды интеллектке қажетті тауарлар саудасы 2024 жылы 16 пайызға, 2025 жылы 31 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 67 пайызға жетті. Тағы бір маңызды жайт – әлемдік сауданың жалпы өсімінің 47 пайызы осы тауарлардың үлесіне тиесілі.
Алайда энергетика саласында жағдай басқаша. Таяу Шығыстағы соғыс басталғалы өңірден сұйытылған газ экспорты 47 пайызға, ал мұнай жеткізілімі шамамен төрттен бірге қысқарды. Қара алтынды экспорттаушылар жеткізілімді ұлғайтып, сауда бағыттарын өзгерту арқылы жағдайдың әлемдік нарыққа әсерін бәсеңдетуге күш салып жатыр. Алайда энергия бағасының қымбаттауы кәсіпорындар мен тасымалдаушыларға салмақ салды. Бұған қоса, тыңайтқыш жеткізіліміндегі үзілістер ауыл шаруашылығына қауіп төндіруде.
Роберт Стайгер, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас экономисі:
- Әлемде қара алтын экспорты 6 пайызға, ал сұйытылған газ жеткізілімі 1 пайызға азайды. Басқа елдер өндіріс пен экспортты арттырып, тапшылықтың орнын толтырды. Тыңайтқыш жеткізілімінде де осындай жағдай байқалады.
Десек те әлемдік сауданың өсімі барлық салаға бірдей әсер етпейтіні анық. Дүниежүзілік сауда ұйымы биыл халықаралық қызметтер саудасының өсу болжамын 4,8 пайыздан 3,3 пайызға дейін төмендетті. Жанармайдың қымбаттауы мен көлік қатынасындағы қиындықтар халықаралық сапарлар мен туризмнің дамуын тежеп отыр. Ал әлемдік экономиканың алдағы өсімі Таяу Шығыстағы жағдайға, энергия бағасына және жасанды интеллект саласына инвестицияның жалғасуына байланысты болмақ.
Автор: Динара Қуандыққызы
Тегтер #ЖИ #инвестициялар #ДСҰ #сауда #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz