RU
Толық нұсқаға өту

ЖИ әлем экономикасының көрігін қыздырып жатыр

13.10.2026, 14:40 40

Жасанды интеллект – жаһандық экономиканың жаңа драйвері ме, әлде еңбек нарығының түбіне жететін қауіп пе? Халықаралық валюта қорының сарапшылары дәл қазір жасанды зерде саласына құйылған миллиардтаған инвестиция әлемдік жалпы ішкі өнім деңгейін құлдыратпай, ұстап тұрған негізгі күш екенін айтады. Әсіресе, микрочиптер мен қажетті бөлшектерді өндіретін Азия елдерінің табысы еселеп артып жатыр. Десе де, бұл үдерістің екінші қыры бар. Мамандар ЖИ-дің кесірінен жақын арада жаһандық жұмыс орындарының жаппай қысқаруы немесе өзгеріске ұшырауы мүмкін деп дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жасанды интеллект әлемдік экономиканың көрігін қыздырып жатыр. Осы салаға салынған инвестициялар жаһандық жалпы ішкі өнім деңгейін құлдыратпай, өсім көрсеткішін 3 пайыз межесінде ұстап тұр. Әсіресе жасанды зердеге қажетті бөлшектерді өндіріп, жеткізуші Азия елдерінің табысы еселеп артуда. Бұл үдеріс дамыған мемлекеттердің экономикасын 0,5–1, ал дамушы елдердің әлеуетін 0,2–0,8 пайыздық тармаққа көтеруге қауқарлы.

Бұл туралы Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Таиландтағы жиында мәлімдеді.

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

– Жеткізу тізбегіне зер салып қарасақ, жасанды интеллектіні негізінен АҚШ, Қытай мен Үндістан сияқты 3 маңызды ел көбірек өндіріп жатқанын көреміз. Бірақ сонымен бірге жасанды зерде инфрақұрылымын белсенді түрде құрып жатқан елдер де бар. Олардың көбі – Азия мемлекеттері. Біздің есебіміз бойынша, жұмыс орындарының шамамен 40 пайызына жасанды интеллект тікелей әсер етпек. Сондықтан жасанды зерденің әлемдік экономиканың дамуы үшін тигізер ықпалы өте жоғары.

Петя Коева Брукс, Халықаралық валюта қоры зерттеу департаменті директорының орынбасары:

– Таяу Шығыстағы соғыс пен энергия өнімдерінің қымбаттауы әлемдік экономикаға салмақ салған үлкен факторға айналды. Бірақ жаһандық жасанды интеллект нарығының жандануының арқасында тұрақтылыққа қол жеткіздік. Бұл өсім болмағанда ғаламдық жалпы ішкі өнім қарқыны қазіргі таңдағы 3,1 пайыздың орнына 2,5 пайызды құраған болар еді. Десе де, жасанды интеллектіге қатысты серпілістің игілігін көріп жатқан елдердің саны өте аз екенін байқап отырмыз.

ЖИ жастар арасындағы жұмыссыздықты күшейтті

Халықаралық валюта қоры жасанды интеллект технологиясынан әрі қарай күтілген табыс көлемі бәсеңдеген жағдайда жаһандық жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2028 жылға қарай 0,4 пайызға төмендеуі ықтимал деген қауіптің барын да айтады. Мәселен, биыл киберқылмыс көбейген. Қаскөйлер бағдарламалық жасақтамалардағы осал тұстарды тауып, компаниялар түзеп үлгергенше, пайдаланып үлгеретін жағдайлар 70 пайызға артты. Кибершабуылдар былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 пайыздық тармаққа өсті. Сонымен қатар мамандар жасанды интеллект бірінші кезекте университетті жаңадан бітірген жастардың жұмыс табуына үлкен кедергі келтіріп жатқанын ескертеді. Өйткені роботтар көптеген жұмысты қазірдің өзінде тез әрі арзан орындап жүр.

Тарман Шанмугаратнам, Сингапур президенті:

– Жасанды интеллект тек қана пайдасын тигізіп жатқан жоқ. Ол біз бәріміз бірігіп шешуге тиіс жаңа мәселелер туындатты. Оқуын енді ғана бітірген жастар жұмыс таба алмай, үлкен қиындыққа тап болуда. Бұл теріс үдеріс әсіресе технология салаларында қатты байқалады.

ЖИ алып компаниялар табысын еселеп арттыруда

Жасанды интеллект кейбір технологиялық алыптардың табысын еселеп арттыруда. Мәселен, Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics корпорациясы биылғы жылдың үшінші тоқсанында жасанды интеллект инфрақұрылымына қажетті жады чиптеріне деген жоғары сұраныстың арқасында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Чиптер бағасының қымбаттауы нәтижесінде компанияның операциялық пайдасы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 782,5 пайызға күрт өсіп, шамамен 6,8 млрд долларды құрады. Ал корпорацияның жалпы тоқсандық түсімі 59 млрд доллардан асқан.

Авторы: Ернат Рахметолла

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz