RU
Толық нұсқаға өту
фото: depositphotos.com

Араб елдерінің әуе компаниялары Сауд Арабиясына рейстерді тоқтатты

14.10.2026, 10:38 42

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдардан кейін бірнеше араб елінің әуе компаниясы рейстерін тоқтатты, деп хабарлайды 24KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Бахрейннің Gulf Air әуе компаниясы 12-17 қазан аралығында Бахрейн мен Эр-Рияд арасындағы барлық рейсті екі бағытта да тоқтатты.

Qatar Airways компаниясы соңғы оқиғаларға байланысты Эр-Рияд пен Даммам қалаларына қатынайтын рейстерді уақытша тоқтататынын хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық әуе тасымалдаушысы Etihad Airways Абу-Даби мен Эр-Рияд арасындағы рейстерді 19 қазанға дейін тоқтатты. Сондай-ақ Абу-Даби мен Даммам арасындағы сейсенбі және сәрсенбі күндеріне жоспарланған рейстер, бұған қоса Абу-Дабиден Жиддаға қатынайтын кейбір рейстер бейсенбіге дейін тоқтатылды.

Кувейттің Kuwait Airways әуе компаниясы король Халид атындағы халықаралық әуежайдың уақытша жабылуына байланысты Эр-Риядқа рейстер тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал Мысырдың EgyptAir компаниясы Каир мен Александриядан Эр-Риядқа ұшатын рейстерді әуежай жұмысы қайта жанданғанға дейін тоқтатты.

Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасы король Халид атындағы халықаралық әуежайдың жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім әуежай инфрақұрылымының қауіпсіздігін тексеру және оның жұмысын қайта бастауға дайындығын бағалау үшін қабылданған. Тексеріс тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Әуе қатынасындағы іркілістерге байланысты Сауд Арабиясының Катар, Бахрейн, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейттегі елшіліктері елге қайта алмай қалған азаматтарын Эр-Риядқа жеткізу үшін автобус қатынасын ұйымдастырды.

Айта кетейік, соңғы бір аптада Сауд Арабиясындағы бес әуежайға он рет шабуыл жасалған. Салдарынан 20 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz