RU
Толық нұсқаға өту

Дизель бағасы Еуропа елдерін сергелдеңге салды

14.10.2026, 13:43 31

Дизель бағасы кәрі құрлық елдерін сергелдеңге салды. Қазір Еуроодақтағы мұнай өнімінің орташа бағасы – 2,24 еуро. Бұл шамамен 1 мың 123 теңге. Ал АҚШ-тың Иранмен арадағы соғысына дейін 1 жарым еуро болатын. Ұйымға мүше 12 елде баға шарықтағаны сонша, рекорд орнатты. Олардың қатарында Франция, Германия, Бельгия, Финляндия және Нидерланд бар. Сондықтан кәрі құрлықтың біраз елі салықты азайтып, субсидияны көбейтті. Кей мемлекеттер дизель бағасына шектеу қойды. Бұл шаралар мәселені шешуге сеп бола ала ма? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Францияда дизель отыны арзандайды. Литрі 18 еуроцентке түсуі керек. Мұны премьер-министр Себастьян Лекорню жанармай компанияларының басшыларымен кездесуден соң мәлімдеді. Бұл шара келесі айдан бастап күшіне енуге тиіс. Сөйтіп, қаңтардың аяғына дейін жалғасады. Үкімет басшысы жүргізушілер көлігінің багын толтырса, 10 еуро үнемдейтінін айтады. Париж билігі бағаны реттеуге стратегиялық қордан 10 млн баррель дизель отынын шығаруға бейіл.

Себастьян Лекорню, Франция премьер-министрі:

– Біріншіден, алдағы күндері арнайы қаулы қабылданады. Стратегиялық қордағы дизель отыны тұтынушылардың шығынын азайтуға тиіс. Бұл ұсыныс емес, үкіметтің талабы. Екіншіден, тасымалдың әр кезеңі бақылауға алынады. Бағаның түскені құжатта ғана емес, жанармай бекеттерінде де көрсетілуі керек. Үшіншіден, үкімет әр аптада есеп береді. Нарыққа қанша отын шығарылғанын және ел бойынша жанармай бекеттеріндегі орташа бағаны жариялаймыз.

Бұған қоса, баға саясатына бақылау күшейеді. Егер компаниялар үкімет талабын орындамаса, үстеме пайдасын шектеуге ниетті. Париж билігі бұл қадам отын бағасын төмендетіп, жүргізушілермен қатар шаруалар мен жүк тасымалдаушылардың да шығынын азайтады деп отыр. Қазір Францияда дизельдің бір литрі – 2 еуро 35 центтен сатылады.

Себастьян Лекорню, Франция премьер-министрі:

– Шалғайдағы жанармай бекеттеріне алдын ала қолдау көрсетеміз. Ауылдағылар стратегиялық қордан дизель отынын келгенін күтпейді. Өйткені кей бекеттер бір-бірінен қашық жатыр. Ал отын тасымалы ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан 1 қарашандан бастап, елдегі 300-ден аса жанармай бекеті жүргізушілерге жеңілдік ұсына бастайды.

Германия дизель отыны нарығын реттеуге өткен айда кірісті. 1 қазаннан бастап салықты азайтты. Яғни литріне 56,5 еуроцентке дейін түсірді. Берлин билігі бюджет кірісі 2,5 млрд еуроға азаяды деп отыр. Алайда тұтынушылар: «Бұл шара жүргізушілердің мәселесін түпкілікті шешпейді», – деп санайды. Өйткені 2022 жылы Украинадағы соғыс басталған кезде де Германия үкіметі салық жеңілдігін жасаған еді. Алайда бастама сол кездегі бағаны тұрақтандыруға әсер еткен жоқ.

Адриан Петер, Peter & Krebs компаниясының менеджері:

– Көп тұтынушы жанармай багына бұрынғыдай толтырып құймайды. Оның орнына тек күнделікті қажетіне жететін мөлшерге ғана тапсырыс береді. Бұрынғыдан әлдеқайда аз алады, кейде жанармайды жартылай құйып беруін сұрайды.

Қымбатшылық тек жүргізушілерге ғана әсер етіп отырған жоқ. Еуропаның жетекші экономикасы Германияда өндіріс орындарының біраз шығыны артты. Әсіресе шикізат пен тасымалдың бағасы аспандап тұр. Соның бірі – Бавариядағы NEPATA компаниясы. Бұл кәсіпорын баспа өнімдерін шығарады. Алайда өндірісте қолданылатын кей бөлшектер – шетелдік. Ал дайын тауардың 70 пайызын экспортқа жөнелтеді. Сондықтан халықаралық тасымал бағасы мен шикізаттың қымбаттауы компанияның аяқ алысына әсер етті.

Бернхард Шмидт, NEPATA компаниясының бас директоры:

– Біз жүкті теңіз, пойыз, тіпті ұшақпен де тасымалдаймыз. Тасымалдың қай-қайсысы болсын қымбаттап кетті. Шығынымыз 50 пайызға өсті. Сондықтан тауардың бағасын көтеруден басқа амалымыз жоқ.

Ал сарапшылар Германия билігі дизель отынына жеңілдік жарияламай, әлеуметтік осал топқа қаржылай қолдау көрсеткені дұрыс деп санайды. Өйткені қымбатшылық халықтың қалтасына салмақ салды. Кей тұрғындар айлықтарын тамақ пен жанармайға бірдей жеткізу оңай емес екенін айтады.

Иранмен арадағы соғыс АҚШ-қа да әсер етті. Құрама Штаттарда жанармай бағасы жыл басынан бері 2 есе қымбаттады. Қазір бір галлоны – 6 доллар төңірегінде сатылады. Сондықтан Президент Трамп «қызыл» дизель отынына шектеудің күшін жойды. Отынның бұл түрін Америкада тек құрылыс пен ауыл шаруашылығы техникасына құяды. Енді мұны көлік жүргізушілеріне де қолдануға рұқсат. Ақ үй басшысы бұл шара алдағы 3 айда инфляцияны реттеп, тұтынушылардың шығынын азайтады деп санайды.

Автор: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz