RU
Толық нұсқаға өту

Шымкент қызғалдақтары БҰҰ ауласында гүлдейді

14.10.2026, 23:00 56

Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесінде Қазақстаннан жеткізілген бес мың қызғалдақ гүлдейді. Шымкент қаласының делегациясы, Франциядағы қазақ әйелдері қауымдастығының қолдауымен халықаралық ұйымға қызғалдақ пиязын сыйға тартты. Салтанатты рәсім БҰҰ күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Женевадағы Ұлттар сарайында орналасқан «Қазақстан» залы былтыр ғимаратты жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта ашылған еді. Енді мұнда тағы бір маңызды шара өтті. БҰҰ күні қарсаңында Шымкент қаласы ұйымның Женевадағы бөлімшесіне бес мың қызғалдақ пиязын табыстады. Бөлімшенің бас директоры Татьяна Валовая Қазақстанның бейбітшілікке негізделген көпвекторлы сыртқы саясатына тоқталып, Орталық Азиядан тараған қызғалдақтардың әлемге қалай танылғанын еске салды. Оның айтуынша, халықаралық ынтымақтастық та елдерді осылай жақындастыруы тиіс.

Татьяна Валовая, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:

– Әйел Қызғалдақтар Түркия, Парсы елі, Голландия арқылы өтіп, бүкіл әлемді бағындырды. Сұлулығымен, достықтың, адалдық пен бақыттың нышаны болуымен танылды. Халықаралық ынтымақтастық та ізгілікке, дамуға, адам құқықтарын қорғауға және, әрине, бүкіл әлемдегі бейбітшілікке ұмтылу арқылы елдерді біріктіруге тиіс.

Арман Сәбитов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

–  Тюльпан – Шымкент қаласының өзіндік символы. Ол гүл өзі бейбітшіліктің, махаббаттың, бейбіт өмірдің символы болып табылады. Сондықтан осы әлем мемлекеттерінде әрқашан бейбітшілік болады. Осы 5 мың түп тюльпан гүлін табыстау рәсіміне келдік.

Шара барысында қызғалдақ отырғызудың символдық рәсімі де өтті. Бұл бастаманы Еуропада қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген QazElles қауымдастығы көтерген. Былтыр осы ұйымның ұйытқы болуымен және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен Париждегі Ваграм алаңына қызғалдақ егілген еді. Енді бұл игі дәстүр Женевада жалғасын тапты.

Гуэндолин Николя, QazElles қауымдастығының мүшесі:

– Бұл бастама біз үшін ерекше маңызды. Өйткені ол Қазақстанды еуропалықтарға басқа қырынан танытады. Мұнда жұрт Астана, Алматы, еліміздің табиғаты мен пайдалы қазбалары туралы біледі. Ал біз Қазақстанның өзге де қырларын көрсеткіміз келеді. Оңтүстік Қазақстанның қызғалдақтары арқылы елдің тарихы мен географиялық ерекшеліктері туралы айтқымыз келеді.

Шара аясында Абай Құнанбайұлының жаңа орындағы бюсті көрсетілді. Бұған дейін Ұлттар сарайының кітапханасында тұрған ұлы ақынның мүсіні «Қазақстан» залының кіреберісіне қойылды. Енді оны күн сайын жүздеген халықаралық дипломат көре алады. Екі бастама да 24 қазанда атап өтілетін БҰҰ күніне орай ұйымдастырылды.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

– Халықаралық дипломатияда сыйлық беру – ізгі дәстүр. Демек, көктемде Женевадағы Ұлттар сарайының осы саябағында қазақ даласының қызғалдақтары жайқалады. Бұл еліміздің табиғи байлығын әлемге танытудың тағы бір жолы болса керек.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz