АҚШ-та жылдық инфляция 3,7 пайызға жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Қымбатшылықтың дәл осы мезгілде белең алуы қарашадағы Конгресс сайлауына тұсау болып тұр.
Ал соңғы деректер американдықтардың күнделікті тұрмысы туралы нені аңғартады? Бұған Ақ үй не деп жатыр?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бүгін жарияланған ақпарат Ақ үйді де, қарапайым халықты да, сарапшыларды да алаңдатып қойды. АҚШ-тағы инфляцияның көпшілік күткеннен де нашар деңгейде болып, бір жылда 3,7%-ға жетуі таңнан бері БАҚ беттерінде талқыланып жатыр. Бұл қымбатшылық қайта күшейді деген сөз. Қарашадағы аралық сайлау алдындағы соңғы есеп екенін ескерсек, саяси додаға түсіп, ұпайын түгендей алмай жатқан Трамптың партияластарына да ауырлау соққы болып отыр. Себебі сарапшылар бір ауыздан жанармай бағасының өсуін негізгі фактор деп атады. Ал қара алтынға қатысты индустрия Ирандағы соғыстан, Ормуз бұғазының бұғатталуынан, хуситтердің кейінгі шабуылдарынан баса зардап шегіп отыр. Домино тізбегі қайтсе де алыстағы АҚШ-қа жетті. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек:
АҚШ-ТАҒЫ ИНФЛЯЦИЯ
Көрсеткіш Тамыз, 2026 Қыркүйек, 2026
Жылдық инфляция 3,4% 3,7%
Бір айдағы баға өсімі 0,4% 0,6%
Дереккөз: АҚШ Еңбек статистикасы бюросы, BLS.
Еңбек статистикасы бюросы жариялаған есеп бойынша қыркүйекте жылдық инфляция 3,7 пайызға жеткен. Тамызда бұл көрсеткіш 3,4 пайыз еді. Ал бір айдың ішінде тұтыну бағалары орта есеппен 0,6 пайызға өсті. Яғни американдықтардың күнделікті шығыны тағы артты.
БІР ЖЫЛДА ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚЫМБАТТАДЫ?
Тауар немесе қызмет Қыркүйек, 2025 → қыркүйек, 2026
Бензин +34,2%
Электр энергиясы +4,4%
Кафе мен мейрамханадағы тамақ +3,5%
Дүкендегі азық-түлік +1,8%
Дереккөз: BLS. Барлық көрсеткіш — жылдық өзгеріс.
Соңғы есепте бағаны жоғары тартқан негізгі себеп — бензин. Ол бір жылда 34,2 пайызға қымбаттаған. Мәселен, былтыр бірдей көлемдегі жанармайға 50 доллар төлеген адам, осы орташа өсіммен есептесек, қазір шамамен 67 доллар жұмсайды. Электр қуаты мен тамақтануға кететін шығын да артқан. Сондықтан көлікке жанармай құю, үйдің жарығын төлеу, түскі ас ішу сияқты күнделікті қажеттіліктердің өзі отбасылық бюджетке салмақ салып отыр. Әйткенмен, Ақ үйдегі Ұлттық экономикалық кеңестің директоры Кевин Хассетт мұны уақытша жағдай дейді. Оның айтуынша алдағы уақытта жанармайға қатысты жағдай тұрақталады. Бұл мәлімдеменің қаншалықты орындаларын алдағы айларда білмекпіз.
Тегтер #АҚШ #инфляция #24KZ #конгресс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz