Әлем қаржыгерлері түгел Таиланд астанасы Бангкокта жүр.
Дүйсенбіде басталған жиын әлі жалғасады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының бұл кездесуіне 191 мүше елдің қаржы министрлері, орталық банктердің басшылары, сарапшылар келген. Қаржыгерлер әлемдік экономиканың қазіргі ахуалын талқылап жатыр.
Әйтсе де, әлемнің қаржы элитасы келген Таиландтың өз басында да жағдай оңып тұрған жоқ. Өйткені несиеге байланған адам көп. Тіпті биыл кейінгі 18 жылда ең жоғары көрсеткішке жеткен. Яғни халықтың қарызы экономикалық өсімнен асып түсті. Ал бұл екі көрсеткіш қатар жүруі керек еді. Бангкок билігінің ендігі жоспары қандай?
Екі қыз тәрбиелеп отырған 51 жастағы Кавита Вонгякасемнің қарызы шаш-етектен. Елдегі 7 бірдей банкке берешек. Қаржы ұйымдарына 12 млн бат қайтаруы тиіс. Бұл шамамен 357 мың АҚШ доллары. Таиландта энергетика компаниясына қызмет көрсететін мердігер компаниясы бар. Сөйте тұрып, тапқан табысы жетпейді. Сондықтан кәсіпкер негізгі жұмысынан бөлек, көлігімен жолаушы тасиды.
Кавита Вонгякасем, кәсіпкер, Grab жүргізушісі:
- Шығыным 400 мың бат. Бұл шамамен 11 мың 900 АҚШ доллары. Ал табысым 340–350 мың бат. Яғни айына 50–60 мың бат жетпейді. Бұл шамамен 1,5 мың доллар. Сондықтан қосымша жұмыс істеуге мәжбүрмін.
Таиланд халқы қарызға белшесінен батты. Сандарды сөйлетсек. Қазір қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнің 85,2 пайызына жетті. Бұл Азия елдері арасындағы ең нашар көрсеткіш. Таиландтағы ахуалға Халықаралық Валюта қоры да алаңдап отыр. Нақты қадамдар қабылданбаса, халықтың несие қарызы елдің экономикасын тежейтінін ескертеді.
Экнити Ниттитханпрапас, Таиланд премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:
- Таиландтың Орталық банкі базалық мөлшерлемені көтермей отыр. Өйткені халықтың жағдайын жақсы түсінеміз. Көтерсек, халықтың таза табысы азая түседі.
Билік несиеге рақымшылық жарияласа, бұл тізімге әлеуметтік осал топ қана енуі керек, дейді сарапшылар. Бұған қоса халықтың табысын арттыруға мән беру қажет екенін айтады.
Пуняват Срисинг, SCB Economic Intelligence Center зерттеу орталығының бас экономисі:
- Халықтың қарызы ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп. Өйткені банк несиесінен бөлек микроқаржы ұйымдары мен ломбард қарызы да бар. Ал оның пайызы өте жоғары. Халықтың төлем қабілетінің нашарлауының түпкі себебі де осы. Билік бұл мәселені шешу үшін шұғыл шара қабылдауы керек.
Кейінгі 5 жылда Таиландта "бөліп төлеу" қызметі кеңінен тарады. Өйткені онлайн несие рәсімдеу оңай. Мұны сандар да растап отыр. 2021 жылдан бері халық қарызы 208 млн-нан 1,2 млрд АҚШ долларына дейін өскен. Сондықтан Орталық банк бұл саланы реттеуге кірісті.
Кавита Вонгякасем, кәсіпкер, Grab жүргізушісі:
- Қарыздан құтылуға 9–11 жылым бар. Бірақ сол күнге жетемін бе, жоқ па? Ауырып қалмасам екен деп тілеймін. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мәселен, басымдағы қан тамырлары жарылып кетсе ше? Тірі қалсам, мүгедек болам. Қыздарыма масыл болғым келмейді. Қарыздан қалай құтыласыз деп сұрадыңыз ғой. Шынымды айтсам, сол күнге мүлде жетпейтін секілдімін.
Таиландта несие рәсімдеген 27 млн адамның тек 5 миллионы қаржылай тәуелсіз. Яғни қалғандарының жиған-тергені жоқ. Тапқан таянғанын тек қарызды қайтаруға жұмсайды.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Таиланд #қаржыгер #қарыз #ХВҚ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz