Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы әскери қызметті өтеу тәртібін жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ». Ұсынылған жаңа заң жобасына сәйкес, республикалық кітап оқу байқауында жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздардың әскери қызмет мерзімі бір айға қысқарады.
Бұл бастама әскери қызметшілер арасында кітап оқуды кеңінен насихаттауға, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ сарбаздардың рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталғанын айтты депутаттар.
Бүгінгі таңда жастарды кітап оқуға кеңінен тартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде әскери сала өкілдері арасында да кітап оқу ортасын қалыптастыру маңызды мәнге ие. Осыған орай, аталмыш заң жобасы арқылы республикалық кітап оқу байқауында жоғары нәтижелерге қол жеткізген мерзімді әскери қызметшілердің қызмет мерзімін бір айға қысқарту қарастырылуда. Бұл көтермелеу шарасы әскери қызметшілер арасында кітап оқуды және кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, олардың рухани-зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етеді, - деді фракция мүшесі Дилбар Мамажонова.
Сонымен қатар, құжатта ұшқыштар даярлайтын отандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындарының түлектерімен жаңа келісімшарт жасасудың құқықтық негіздерін айқындау қарастырылған.
Бұған дейін Өзбекстан Сенаты кітап оқығаны үшін сотталғандардың да жаза мерзімін қысқартуды көздейтін заң жобасын мақұлдаған болатын. Бұл құжат бойынша, әрбір оқылған кітап үшін сотталғандардың жаза мерзімі үш күнге қысқаратыны айтылған еді.
Тегтер #Өзбекстан #іскер мерзімі #кітап оқу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz