Біріккен Араб Әмірліктері әуе шабуылдарына қарсы қорғанысын күшейтті. Елдегі әуежайлар дрондарды бұрып, бағытын өзгертетін сан түрлі технологияны қолдана бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Өйткені өңірлік қақтығыстардың ауқымы кеңейіп барады. Сауд Арабиясы мен Йемендегі ираншыл хуситтер өзара соғысып жатыр. Салдарынан Таяу Шығыстың азаматтық авиация саласына қатер төніп тұр. От пен оқтың ортасында ұшақ қатынасы бірде бұлай, бірде олай өзгереді.
Рауан Мыңбай, тілші:
– Осы күні Таяу Шығыс елдері азаматтық авиация саласына бұрын-соңды болмаған озық технологиялық шешімдерді көптеп енгізе бастады. Әсіресе әуе қорғаныс жүйелерін күшейтуге ден қойылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымыран соққылары тұтас аймақты осыған мәжбүр етті. Әмірлікте өтіп жатқан «Airport Show» осы тұрғыда әуежайлар жұмысын жеңілдететін жаңашыл жобаларды ұсынды. Бір парасы тәжірибеде сыналып, тиімділігін дәлелдеп үлгерді.
Дубай – кешегі көктемде АҚШ пен Иран қақтығысының ең көп азабын арқалаған қала. Бұл жаққа ол кезде 2 мыңға тарта зымыран атылып, дрон ұшырылды. Елдің қорғаныс жүйелері басым бөлігіне төтеп берді. Дегенмен кей жағдайда соңы жарылысқа ұласып, дүние-мүлік қирады. Әуе кеңістігінің жабылып, ұшақ қатынасының тежелгені тағы бар. Азаматтық авиация саласы бұдан көп зиян шекті. Әсіресе тасымалдаушы компаниялардың біраз шығынға батқаны анық.
Герасимос Контос, Абу Даби авиация университетінің профессоры:
– Өңірлік қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға төзімділікті кең ауқымда қарастыру қажет. Мұны тек бір елдің немесе Таяу Шығыстың мәселесі деп қарауға болмайды. Барлық мемлекет авиация қауіпсіздігін арттыруға атсалысып, ортақ талаптарға біркелкі дәрежеде ойысқаны жөн. Сонда сала кез келген сын-қатерге төтеп беріп, қауіпсіздікке қол жеткізе аламыз.
Қазір әмірлікте ахуал тұрақты. АҚШ пен Израиль Иранды атқылауын азайтқаннан кейін америкалық әскери базаларға қарымта шабуыл сиреді. Алайда өңірлік қақтығыс алысқа ұзай қоймады.
Іргеде Сауд Арабиясы мен Йемендік хуситтер бүлігі басылар емес. Корольдік Сана қаласын толассыз атқылап, ираншыл қозғалыс Риядтың азаматтық инфрақұрылымын дәл көздеп жатыр. Осы жайт шығанақтағы араб елдеріне кез келген қауіпке дайын болу керегін аңғартып отыр.
Салеха Әли Бадра, Дубай әуе навигациясы қызметінің нұсқаушысы:
– Әуе қозғалысын басқару мамандарын төтенше жағдайларға дайындап жатырмыз. Бұл ретте олардың шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге баса мән береміз. Бәлкім, әлсіз тұстары сол кезде аңғарылады. Технологияға толық сенуге болмайды. Адамның сана-сезімі шеңберінде анықталатын жайттар бар.
Әуежай көрмесі дрондардан қорғану, төтенше жағдайда жедел шешім қабылдау, қақтығыс ошағын технология көмегінсіз айналып өту қиын екенін көрсетті. Бұл орайда сарапшылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын бұрып, бағытын өзгертетін жүйелерге жаппай көшу керегін айтады. Әрі от пен оқтың ортасында жүрген ұшқыштарға «кәсібилік пен біліктілікті арттыру қажет» дейді. Әмірлік бұған қатысты бірқатар бастаманы қолға алып, нақты нәтиже көріп отыр.
Автор: Рауан Мыңбай
Тегтер #Әмірлік #Сауд Арабиясы #Таяу Шығыс #әуе қорғанысы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz