Ыстамбұлда 3 адам опат болып, алтауы жоғалып кетті. Марқұмдардың біреуі тоқ ұрып көз жұмған, екеуі суға кеткен, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жоғалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ал апат кезінде су басқан аумақтарда қалып қойған 3055 адам құтқарылды. Бұл туралы Түркия ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи мәлімдеді.
Ыстамбұлда қазір 46 мыңнан астам маман жұмыс істеп жатыр. Түркия төтенше жағдайлар және табиғи апаттар ұйымы оқиға орнына мың ерікті аттандырған.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия – табиғи апат жиі тіркелетін аймақ. Мұнда басты қатер жер сілкінісі болса, одан кейінгі орында сел мен су тасқыны тұр. Әсіресе географиялық орналасуы бойынша Ыстамбұл қаласына төнетін қауіп жоғары. Бұл жолы толассыз жауған жаңбыр мегаполисті әбден әбігерге салды. Кей аудандарда кейінгі қырық жылда жаумаған нөсер бір тәулікте селдетіп, құйып тастаған. Соның салдарынан теңіз суы көтеріліп, құрлыққа жайылған. Мұның соңы теңізге жақын орналасқан аудандарда су тасқынына әкеп соқты. Сарапшылар табиғат апатын климаттық өзгеріспен байланыстырып отыр. Ұзақ жылдар бойы құрғақшылықты бастан өткерген Ыстамбұл үшін апат зардабы ауыр болды.
Али Оғұз Дириөз, сарапшы, Тобб экономика және технология университетінің оқытушысы:
– Ең алдымен жауын-шашынның қалыптан тыс мөлшерде түскенін ескеру керек. Бірақ мұндай апаттың зардабын тек күн райымен түсіндіруге болмайды. Ыстамбұлдың халқы қырық жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп. Қала аумағы кеңейіп, құрылыс қарқыны артты. Су арналарының бойына ғимараттар салу да қауіп-қатерді күшейтеді. Апаттың басты себебі климаттық дағдарыс болса, тағы бір себебі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен қаланың дұрыс жоспарланбауы.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Сарапшының айтуынша, климаттың өзгеруі экстремалды күн райы құбылыстарының жиілеуіне ықпал етіп отыр. Ұзаққа созылған құрғақшылықтан кейін бірден мол жауын жауса, су топыраққа сіңіп үлгермейді. Ал кәріз жүйесі мен су ағатын арналардың өткізу қабілеті жеткіліксіз болса, көшелерді су басу қаупі артады. Сондықтан мәселені тек төтенше жағдай кезінде әрекет етумен шешу мүмкін емес. «Қалаларды жоспарлау барысында су тасқыны қаупін ескеріп, жауын суын жинау жүйелерін дамыту және саябақтарды көбейту қажет», – дейді.
Али Оғұз Дириөз, сарапшы, Тобб Экономика және технология университетінің оқытушысы:
– Қаланы жоспарлауда ғимараттардың беріктігімен ғана шектелуге болмайды. Су ағатын арналардың жағдайы, жауын суын жинау мен сақтау мүмкіндігі, жасыл аймақтар және инфрақұрылымның қуаты біртұтас жүйе ретінде қарастырылуы керек. Ыстамбұл сияқты 16 млн-нан астам халқы бар алып мегаполисте мұндай өзгерістерді жүзеге асыру әлдеқайда қиын әрі ұзақ уақытты талап етеді. Ал Қазақстанда Астана сияқты маңызды шаһарлар бастапқыдан жоспарлы түрде салынып жатыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Мамандардың пікірінше, табиғи апаттың алдын алу үшін қалалардың климаттық өзгеріске төзімділігін арттыру қажет. Бұл үшін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртып, жауын суын жинайтын аумақтарды көбейту маңызды. Әйтпесе мұндай апаттардың салдары ауыр болуы мүмкін. Қазір Ыстамбұлда тасқыннан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала губернаторы Давут Гүлдің мәлімдеуінше, 3 мыңға жуық адам құтқарылған. Қауіпсіздік мақсатында бүгін де шаһардағы барлық мектепте сабақ тоқтатылды. Билік алдағы екі-үш күнде жауын-шашын жалғасуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарға сыртқа шықпауға кеңес берді. Қазір су басқан нысандардың шығынын бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #24KZ #Ыстамбұл #су тасқыны #апат болғандар #іздестіру жұмыстарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz