RU
Толық нұсқаға өту

Мекке мен Мәдинада кісі аяғы азайды

16.10.2026, 07:20 46

Сауд Арабиясы мен ираншыл хуситтер қақтығысы өршіп барады. Екі жақ бір-бірінің азаматтық инфрақұрылымдары мен мұнай өндіру кешендерін жаппай атқылауға көшкен, деп хабарлайды 24KZ.

Осының салдарынан өңірде ұшақтар ұша алмай қалды. Корольдікте көптеген іс-шара кейінге шегерілді. Бұл уақытта Мекке мен Мәдинада сапырылысып жататын жұрт та азайды. Біраз мемлекет өз азаматтарына араб жеріне әзірге бармауды ескертті.

Рауан Мыңбай, тілші:

– Мекке мен Мәдинада кіші қажылық жалғасып жатыр. Құлшылық етушілер Джидда мен Мәдинаға тікелей рейстермен жеткен. Бұл жақта әуежайлар жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал сапарын Рияд және Даммам арқылы жоспарлағандар қасиетті қалаға барар жолда тоқтады. Кейбірі ираншыл хуситтер шабуылында қаза тапты. Тағы бір легі жараланып, ауыр хәлде емдеу орындарына түсті. Осыдан соң Саудияға кіші қажылық жасауға келетіндер кеміді. Умра сапарына сұраныс айтарлықтай төмен. Корольдік астанасына қазір тіпті ешкім аттап баспайды. Ресми мәліметтерге қарағанда, Халид әуежайы 17 қазанда қайта ашылуы шарт. Бірақ бұл шектеу тағы ұзаруы мүмкін. Өйткені Йемендік көтерілісшілер Риядқа қайта-қайта шабуылдап жатыр. Қалада күн аралатып бірнеше рет дабыл қағылады.

Фади Анвар, құлшылық етуші:

– Отбасы, балаларым үшін уайымдаймын. Дабыл келген сәтте бойды үрей мен қорқыныш билейді. Бәрі тез аяқталып, жақсы күндерде жолығуды жазсын.

Әл Әмин Хасан Мұхамед, құлшылық етуші:

– Таныстарымыз Рияд арқылы ұшып келуі қажет болған. Бірақ олардың ұшағы ұшпайтын болды. Бері жете алмады. Тағы біреулер сапарын Джидда арқылы жалғастырды. Енді біреулер теңіз арқылы келіп жатыр деп естідім.

Айтпақшы, ел билігі толассыз әуе соққыларына қарамастан, әлемдік мұнай кеңесінің 25-ші конгресін өткізді. Жоспар бойынша ОПЕК-тен бөлек, американдық және еуропалық алпауыт компания жетекшілері түгел Риядта бас қосуы тиіс еді. Алайда жаһандық жиынға негізгі қара алтын өндіруші мемлекет министрлері қатыспады. Қыруар қаржыға салынған павильондар бос қалды. Ресми Рияд төрт күндік бағдарламаның бір бөлігін онлайнға ауыстырды. Қатысушылар саны ұйымдастырушы тарап күткеннен 6 есе аз болды. Олар мұнда әуе соққыларынан бұрын ірге аударған. Енді оралуға асық. Әуе рейстері тоқтағандықтан, корольдікте халықаралық маңыздағы бірқатар іс-шара кейінге шегерілді. Ал Саудия бастаған әскери одақ Йеменде қақтығыс ауқымын кеңейтті. Санада ираншыл қозғалыс өкілдеріне тиесілі нысандар жойылды. Хуситтер де қарымта шабуылды үдетіп жатыр.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz