RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ пен Қытайдың сәлемі түзу, саудасы қызу

16.10.2026, 07:30 42

АҚШ Қытайға шамамен 650 мың тонна соя экспорттайды. Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, өнім желтоқсан айында жеткізіле бастайды, деп хабарлайды 24KZ.

Мұны айтып отырған себебіміз, екі алып көрер көзге бір-бірімен аңдысып, бірі-бірін алып та, шалып та жатқандай көрінгенмен, былайғы уақытта сәлемі түзу, саудасы қызу. 

Қытай Құрама Штаттардан Panamax соясының шамамен 10 партиясын сатып алды. Бұл дегеніміз – 650 мың тонна. Екі ел соя саудасын жандандыру жайында былтыр Пусанда келіскен. Бейжің Вашингтоннан 2026-2027 жылы 25 млн тонна тауар сатып алуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде жартысынан көбін, яғни 13,7 млн тонна дақылды сатып алған. Алайда Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің қыркүйектегі кездесуінен кейін тапсырыстар уақытша тоқтап қалды. Өйткені Қытайдағы ұлттық мерекелер кезінде сұраныс төмендеп кетті. Жалпы екі ел бұл салада бір-біріне тәуелді. Өйткені АҚШ – сояның ірі экспорттаушысы. Ал Қытай, керісінше, бұл дақылды көптеп импорттайды. Сондықтан қос держава арасындағы алыс-беріс екі ел нарығымен шектелмей, майлы дақылдарды саудалайтын Бразилия, Аргентина сияқты өзге де мемлекеттердегі бағаға әсер етеді. Сол себепті трейдерлер «егін көлемі ғана емес, Қытайдың дақылды қайдан және қандай бағамен сатып алатыны маңызды» дейді.

Роза Ванг, Shanghai JC Intelligence сарапшысы:

– Қытай соя бұршақтарын сатып алуды қайта бастады. Енді нарық Бейжіңнің сұранысы мен АҚШ-тағы жаңа өнім көлемін теңестірді. Сондықтан баға тұрақты болып қалады.

Дегенмен қазір майлы дақылдарды өсіріп, шикізат күйінде сатудан гөрі нарыққа дайын өнім шығарудың маңызы артып келеді. Бұл мәселе Римде өтіп жатқан Дүниежүзілік азық-түлік форумында да көтерілді. Мысалы, соя немесе күнбағыстан өсімдік майы өндірілетінін білеміз. Рапс дақылынан ақуызға бай қосымша өнім – ақуыз шроты алынады. Ол мал шаруашылығында, құс өсіруде және тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Ішкі өндіріс тізбегін дамыту жекелеген өнімдерді импорттауға деген қажеттілікті азайтады.

Цюй Донгю, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры:

– Бүгін біз қабылдап жатқан шаралар, енгізіп жатқан жаңа технологиялар – болашақта агроазық-түлік жүйелерінің құбылмалы әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ете алу-алмауын айқындайды. Біз ауқымды деңгейде тиімдірек жұмыс істеуіміз керек. Технологиялар мен бизнес-модельдерде, ойлау тәсілімізде, жобалау үдерісінде және бірлескен жұмысымызда инновациялар қажет. Дүниежүзілік азық-түлік форумы дәл осы мақсатта құрылды.

Тағы бір мәселе – тыңайтқыштар. Тыңайтқыш болмаса, азық та болмайды. Ол дақылдың қай түріне де ауадай қажет. Ал биыл Ормуз бұғазының бұғатталуына байланысты 1,5–3 млн тоннаға жуық тыңайтқыш жеткізілімі кешіктірілді. Диаммонийфосфат бағасы 26%-ға қымбаттады. Сондай-ақ Парсы шығанағы елдері әлемдік карбамидтің 30–35%-ын қамтамасыз етеді. Тыңайтқыш бағасының қымбаттауы фермерлер үшін қосымша шығын. Сарапшылар мәселенің шешімі ретінде жеткізу бағыттарын әртараптандыруды ұсынады.

Раймунд Йеле, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша төраға орынбасары:

– Тыңайтқыштар мен жанармай бағасының өсуі 2026–2027 жылдардағы күздік дақылдар маусымында егіс көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін. Осыдан 2027 жылдың басында өндіріс көлемі де азаюы ықтимал. Көп түйткіл қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты. Тағы бір айта кетерлігі, жеткізу тізбектеріне де инвестиция салу қажет. Болашақта кез келген дағдарысқа дайын болу үшін санаулы елге ғана тәуелді болмауымыз қажет.

Тыңайтқыш пен отынның қымбаттағаны аздай, биыл аптап ыстық та шаруаларды тығырыққа тіреді. Келер жылдың қаңтар-наурыз айында Эль-Ниньо құбылысы одан әрі күшейіп, кейінгі 70 жылда болмаған деңгейге жетуі мүмкін. Америкалық климатты болжау орталығының дерегі бұл. Ал мұның бәрі түптеп келгенде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайтыны анық. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 673 млн адам аштықтың зардабын тартып отыр. Ал шамамен екі жарым млрд адамның дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz