RU
Толық нұсқаға өту

Орталық банктер қатаң ақша-несие саясатын жалғастырады

16.10.2026, 13:50 41

Жаһан экономикасы аумалы-төкпелі болып тұр. Ал Оңтүстік Корея – Азия нарығының белсенді мүшесі. Демек, әлемдік үрдіс оны айналып өтпесі анық, деп хабарлайды «24KZ».

Сондықтан президент Ли Чжэ Мён: «Базалық мөлшерлемені көтеруден басқа амалымыз жоқ», - дейді. Оның айтуына қарағанда, АҚШ-пен көрсеткіш айырмасын азайту керек. Өйтпеген жағдайда елдің төл валютасы құнсыздануы мүмкін. Ал бұл сырттан келетін тауарлардың бағасын еселейді. Қазір Кореяда базалық мөлшерлеме 3 пайыз болса, Құрама Штаттарда – 4 пайыз. 

Ли Чжэ Мён, Корея Республикасының президенті:

- Біздің базалық мөлшерлеменің АҚШ-пен салыстырғанда төмен болуы сирек. Бірақ Құрама Штаттардікі дәл қазір 1 пайыз жоғары. Біз бұл айырмашылықты азайтуымыз керек. 

Оңтүстік Кореяда Орталық банк президентке бағынбайды. Бұл арада Ли Чжэ Мён мәлімдемесінен соң, оның жеке дербестігіне қатысты күдік туындады. Өйткені базалық мөлшерлеме көтерілсе, елде несиеге байланған халықтың қарызды қайтаруы қиындайды. Бұған қоса, жаңа жұмыс орындары ашылмай, бизнес тұралап, экономиканың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. 

Ли Чжэ Мён, Корея Республикасының президенті:

- Базалық мөлшерлемені көтеруден басқа амалымыз жоқ. Енді бұл көрсеткіш қаншалықты өседі? Осы мәселені шешуіміз керек. Өйткені бұл әлеуметтік осал топқа әсер етеді. Тұрмысы нашар отбасылардың несиені қайтару қабілеті төмендейді. 

Ормуз «қақпасының» жабылуы Хуситтердің Саудияға шабуылы алыс жатқан Кореяның қор нарығына да әсер етті. Әсіресе, технология компаниялардың акциялары құнсызданып барады. KOSPI индексі жаздан бері шамамен 40 пайыз арзандады. Мәселен, Samsung Electronics пен SK Hynix секілді ірі чип өндірушілердің құнды қағаздарына да сұраныс бұрынғыдай емес. Өйткені бұл нарықты қазір қытайлық компаниялар жаулап барады. Таяуда CXMT компаниясы жедел жад чиптерін жасап шығарды. Қазір инвесторлардың кореялық өндірушілер бәсекеге төтеп бере ала ма деген күдігі де бар. 

Не десек те, Оңтүстік Кореяның базалық мөлшерлемесі АҚШ-пен таяуда теңесе қоймас. Өйткені кеше Құрама Штаттардың Еңбек статистика бюросы жариялаған есебі көңіл көншітерлік емес. Қыркүйекте жылдық инфляция 3,7 пайызға жетті. Тамызда бұл көрсеткіш 3,4 пайыз еді. Яғни америкалықтардың күнделікті шығыны өскен. Бұл арада сарапшылар Федеральды Резерв жүйесі осы айда базалық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін деп топшылайды. 

Кевин Уорш, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы:

- Әлемдегі геосаяси ахуал нарыққа кері әсер етіп, инфляция дес бермей тұр. Кейінгі бес жылда белгіленген межеге жете алмай жүрміз. Келер жылы инфляцияны 2,3 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз.

Парсы шығанағындағы дағдарыстың салқыны Азияның өзге елдерін де сергелдеңге салды. Мұнай бағасының қымбаттауынан біраз елінде инфляция ырық бермей тұр. Соның бірі – Үндістан. Қазір бұл елде азық-түліктен бастап, тұрғын үйге дейін қымбаттап жатыр. Бұған қоса, рупий бағамы да құлдырады. Сондықтан Нью-Дели ақша-несие саясатын күшейтіп, базалық мөлшерлеме деңгейін 5 жарым пайызға дейін көтерді. Бұл елдің Орталық банкі алдағы уақытта несие арзандамайды деп кесіп айты. 

Жапония да Үндістан секілді мұнай мен газды сырттан тасиды. Ал Ормуз бұғазының жабылуы әлемдегі жетекші экономиканың бірі Күншығыс еліне қатты әсер етті. Сондай-ақ бұл елде базалық мөлшерлеме АҚШ және Еуропамен салыстырғанда төмен. Сондықтан инвесторларға иенмен қарыз алып, долларға салған тиімді. Бұл Жапон ақшасының құнсыздануына әкелген еді. Сондықтан елдің Орталық банкі базалық мөлшерлемені 1 пайыздан жоғары көтерді. Бұл – кейінгі 31 жылдағы екі жоғары көрсеткіш. 

Домино тізбегі кәрі құрлық елдеріне де жетті. «Мұнай бағасы одан әрі өссе, Еуропалық Орталық банкі базалық мөлшерлемені жыл аяғына қарай көтеруі мүмкін», - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz