RU
Толық нұсқаға өту

Технологиялар аграрлық салаға серпін береді

16.10.2026, 22:49 32

Әлемде 673 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегеді.

Ал 2 миллиард 600 миллион адамның дұрыс әрі құнарлы тамақтануға мүмкіндігі шектеулі. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Римде өткен Дүниежүзілік азық-түлік форумында талқыланды. Халықаралық жиында ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және аграрлық салаға инвестиция тарту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар әлем халқын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етудің тиімді жолдары қарастырылды.

«Ас - адамның арқауы». Сондықтан халықты сапалы әрі құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз ету ауыл шаруашылығының басты міндеттерінің бірі. Алайда климаттың өзгеруі, су тапшылығы мен жердің құнарсыздануы бұл міндетті күрделендіріп отыр. Мәселені шешу жолдары Римде өткен Дүниежүзілік азық-түлік форумында қаралды. Қатысушылар аграрлық салаға заманауи технологияларды енгізу, табиғи ресурстарды сақтау және азық-түлік өндірісін тұрақты дамыту мәселелеріне назар аударды. «Бүгінгі жаңашылдық - ертеңгі молшылық» ұранын арқау еткен форумда тұрақты азық-түлік жүйесін қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Цюй Дунъюй, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры:

- Болашақтағы азық-түлік қауіпсіздігі бүгінгі әрекетімізге байланысты. Жаңа технологияларды меңгеріп, дәстүрлі білімді сақтап, жастарды даярлауымыз керек. Сонда ғана өзгеріп жатқан әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ете аламыз.

Азық-түлік өндірісін тұрақты дамытуда заманауи технологиялардың маңызы зор. Форумда жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығында қолдану, су мен басқа да ресурстарды үнемдеу жолдары қарастырылды. Цифрлық шешімдер егінге төнетін қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи алуан түрлілікті сақтау мен ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелеріне назар аударылды. 

Цюй Дунъюй, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры:

- Азық-түлік өндірудің негізі - сапалы тұқым. Ал оның жақсы өсіп-өнуі үшін құнарлы топырақ пен жеткілікті су қажет. Өсімдіктердің генетикалық алуандығын сақтап, ғылым мен жаңа технологияларды дамыту маңызды. Сонымен қатар өнім өсіріп, жинап, халыққа жеткізетін адамдардың еңбегі мен тұрмысын қорғауымыз керек.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи технологиялармен қатар, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің де үлесі зор. Өнім өсіріп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысатын жандардың еңбегі форумның негізгі тақырыптарының бірі болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығында еңбек ететін әйелдердің үлесіне баса назар аударылды.

Форумда ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға бағытталған Hand-in-Hand бастамасы да таныстырылды. Жоба инвесторлар мен серіктестерді біріктіріп, ауыл шаруашылығындағы нақты жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Ал Римдегі тарихи Үлкен циркте өткен From Seeds to Foods көрмесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдердің 400-ге жуық түрі көрсетілді. Сонымен қатар азық-түлікпен қамтамасыз етуде қалалардың маңызы да сөз болды.

Роберто Гуальтьери, Рим қаласының мэрі:

- Азық-түлік жүйесін өзгертуге қалалар да белсенді атсалысуы керек. Бұл ретте Римнің орны ерекше. Ірі мегаполис болғанына қарамастан, қала аумағында ауыл шаруашылығына арналған кең алқаптар сақталған. Тіпті Италиядағы ең үлкен ауыл шаруашылығы алқаптары Римде орналасқан. Олар қаланың тарихы мен өзіндік келбетінің ажырамас бөлігі.

Римдегі форум азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шешімдер қажет екенін көрсетті. Өнім көлемін арттырумен қатар, табиғи ресурстарды сақтау, фермерлерді қолдау және жаңа технологияларды тиімді қолдану маңызды. Бұл бағыттағы нақты қадамдар ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz