Алдағы қыста жарық пен жылудың бағасы көптеген еуропалықтың қалтасын қағуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Энергия құнының өсуіне Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазындағы мұнай-газ тасымалы тізбегінің бұзылуы себеп. Кәсіпорындардың да жағдайы қиын болайын деп тұр. Бұл мәселе Брюссельде өткен Еуропалық кеңес саммитінде көтерілді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
– Ақпан айының соңынан бері Еуропада газдың биржалық бағасы 140 пайызға өсті. Ол аздай, кәрі құрлықтың газ қоймаларындағы қор әдеттегі деңгейден төмендеп кетті. Соңғы мәліметтер бойынша олар шамамен 74 пайызға толы.
Биылғы дағдарыс басталмай тұрып-ақ Еуроодақ халқының 9 пайызға жуығы, яғни шамамен 40 млн адам баспанасын жеткілікті деңгейде жылытуға жарымаған еді. Энергия бағасының қымбаттауы кәсіпорындарға да ауыр тиді. Әсіресе, газ бен электр қуатын көп тұтынатын өндіріс орындарының шығыны артқан. Салдарынан олардың өнімдерінің өзіндік құны өсіп, тауар бағасы тағы аспандауы мүмкін.
Антониу Кошта, Еуропалық Кеңес төрағасы:
– Энергия бағасының қымбат әрі тұрақсыз болуы тұрғындар мен кәсіпорындарға үлкен салмақ түсіріп жатыр. Бұл Еуропа экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне де кері әсер етуде.
Брюссельде өткен Еуропалық Кеңес саммитінде Еуроодақ көшбасшылары халық пен бизнеске уақытша қолдау көрсету шараларын құптады. Яғни биылғы қыста ақшалай өтемақы, энергия ақысын төлеуге арналған ваучерлер мен жеңілдетілген тарифтер қарастырылады. Кәсіпорындарға да мемлекеттік субсидиялар бөлінбек. Бірақ Еуроодақ бойынша бірыңғай төлем бағдарламасы әзірге бекітілген жоқ. Кімге және қанша көлемде көмек көрсетілетінін әр мемлекет өзі шешеді.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрайымы:
– Қолдау нақты мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс. Ақшаны барлығына бірдей таратуға болмайды. Өйткені бұл орасан шығынға әкеліп, табысы жоғары азаматтар пайдасын көреді. Мәселен, Франция мен Румынияда энергия ваучерлері тұрмысы төмен отбасыларға беріледі.
Дегенмен субсидиялар халық пен бизнестің шығынын уақытша ғана жеңілдетеді. Өйткені дағдарыстың басты себебі әлі шешілген жоқ. Еуропа мұнай мен газды негізінен сырттан тасымалдайды. Ал әлемдік нарықтағы кез келген іркіліс бағаның қайта қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Леена Юля-Мононен, Еуропалық қоршаған орта агенттігінің атқарушы директоры:
– Біздің талдауымызға сүйенсек, Еуропа тұтынатын газдың 85 пайызын, ал мұнай өнімдерінің 90 пайыздан астамын шетелден сатып алады. Сондықтан әлемдік саудадағы геосаяси тұрақсыздық салдарынан баға күрт көтерілсе, халық та, өнеркәсіп те үлкен қиындыққа тап болады.
Еуропада энергия өндіру қуатын арттырып, электр желілерін жаңғырту және энергияны сақтау жүйелерін дамыту қажеттілігі ұсынылып отыр. Бірақ бұл жоспарды жүзеге асыруға бірнеше жыл және қомақты қаржы қажет.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #24KZ #Брюссель #Бельгия #Еуропа #энергетикалық дағдарыс #Таяу Шығыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz