Йеменде Таиз қаласы үшін шайқас күшейді. Өйткені дәл осы аймаққа қол жеткізген әскерге ары қарай жол ашық, деп хабарлайды «24KZ».
Хуситтер шаһарды қоршап алған. Тіпті Йеменнің қазіргі астанасы Аденге апаратын күре жолды жауып тастады. Екі арада қатынас болмаған соң, халық та арып-ашып қашып жатыр. Аденді қазіргі астана дейтініміз, негізгі астана Сананы бұдан он екі жыл бұрын дәл осы хуситтер басып алған.
Таиз – аумағы бойынша Йемендегі үшінші қала. Елдің оңтүстік-батысында орналасқан. Айнала дөң мен таулар қоршап жатыр. Бұл өңірдің әскери артықшылығы десек болады. Яғни таулы аймақтардан жақын маңдағы жолдар мен қарсылас тараптың іс-әрекетін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ал Аден Таиздың оңтүстігінде 200 шақырымдай жерде орын тепкен порттық қала. Ол – халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметтің уақытша орталығы. Өйткені елдің ресми астанасы – Сана қаласын хуситтер 2014 жылдың қыркүйегінде басып алып, бақылауда ұстап отыр. Егер хуситтер Таизды да толығымен басып алса, үкімет күштеріне әскери қысым күшейе түседі.

Бараа-Шибан, RUSI Йемен және Парсы шығанағы елдері бойынша қауымдастырылған ғылыми қызметкері:
– Таизды басып алу халқы ең тығыз қоныстанған провинциялардың бірін басып алу деген сөз. Сондай-ақ оның орналасқан жері де өте маңызды. Таизды бақылауға алған сәтте өзге де провинцияларға жол ашылады.
Хуситтер, нақтырақ айтқанда «Ансар Аллах» ұйымы мен Йеменнің Үкімет күштерінің арасындағы азаматтық соғыс 2014-2015 жылдары басталған. Сол кездің өзінде Таиз қаласы екі тарап үшін де маңызды аймақтардың бірі саналды. Бүгінде бұл шаһар хуситтерге қарсы күштердің бақылауында қалып отырған оңтүстік Йеменнің таулы аймағындағы соңғы ірі қалалардың бірі.
Бараа-Шибан, RUSI Йемен және Парсы шығанағы елдері бойынша қауымдастырылған ғылыми қызметкері:
– Хуситтердің баллистикалық зымырандары мен ұшқышсыз басқарылатын аппараттары бар. Белгілі бір тұрғыда олардың үкіметтік күштерге қарағанда артықшылығы бар. Дегенмен менің ойымша, хуситтер қалаға басып кіре алған күннің өзінде, олар жергілікті қарсылыққа тап болады. Қаланың ішіндегі қақтығыстың куәсі болуымыз мүмкін.
Хуситтер сондай-ақ Таиз бен Аденді байланыстыратын басты күре жолды жапты. Дәл осы жол арқылы қалаға азық-түлік жеткізілетін. Осы себепті өңірде гуманитарлық дағдарыс ушықты. Баға шарықтап тұр. Ас-су, отын тапшы. Дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Ресми деректерге сүйенсек, Таиз қаласында кемінде 600 мың адам тұрады. Кейінгі екі айда 80 мыңдай тұрғын босып кетті. Ал Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, ұнның қоры небәрі үш аптаға жетеді. Әр үшінші баланың тойып тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ.
Ибраһим Абдулкадер, босқын:
– Хуситтер біздің ауданға жеткен кезде снарядтар мен зымырандар үстімізден жаңбыр тәрізді жауды. Үйімізді тастап кетуге мәжбүр болдық. Басқа амалымыз болмады. Балаларды аштықтан құтқарып қалу үшін қолда бір тілім нан ғана болды. От дағу үшін ағаш жинауға тура келді. Өмір сүруге ең қажетті заттарға қол жеткізе алмадық.
Рияд Йемен үкіметін Санаға қайтару мақсатында Йемендегі қақтығысқа алғаш рет 2015 жылы араласты. 2022 жылғы бітімнен бері хуситтерге алғаш рет биыл жазда шабуылдады. Қазір Сауд Арабиясының әуе күштерінің қолдауымен Йеменнің үкіметтік күштері Таиз маңында және елдің батыс жағалауында хуситтердің шабуылын тойтарып келеді.
Вадах Әл-Дубайш, Йеменнің Бірлескен күштерінің ресми өкілі:
– Сауд Арабиясының қолдауы қақтығыста шешуші фактор саналады. Сауд Арабиясы болмаса, Йемен үкіметі үшін Иран ұсынған баллистикалық және қанатты зымырандар сияқты озық әскери мүмкіндіктері бар хуситтермен күресу үлкен қиындық тудырар еді.
Йемен күштері Саудиямен бірлесіп Аденге баратын жолдағы қозғалысты қалпына келтіру үшін бар күшін салып жатқанымен, әзірге айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Сарапшылардың айтуынша, хуситтер Таиз қаласына басып кірсе, мұның соңы ауқымды қантөгіске ұласуы мүмкін. Ал қарулы топ Таизды өздеріне қаратса, Аденді басып алудың күні де алыс емес.
Тегтер #24KZ #Йемен #шайқас #шартарап #Таяу ШығысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz