RU
Толық нұсқаға өту
фото: euronews.com

Франциядағы жаппай наразылық: Макрон халыққа үндеу жасады

19.10.2026, 09:09 37

Франция президенті Эмманюэль Макрон ел аумағын шарпыған жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты 18 қазан, жексенбі күні кешке халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды 24KZ RFI сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы күнкөріс құнының қымбаттауына қарсы шерулер кезінде болған тәртіпсіздіктер мен полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды қатаң айыптады. Ол заң бұзғандардың жауапқа тартылатынын айтып, халықпен ашық диалог жүргізуге уәде берді.

Бірнеше жүз полицей мен жандарм жарақат алды. Осы кадрларды көргенде бәріміздің көкейімізде бір сұрақ туды: олар не ойлап жүр? Француздар өз еліне қалайша осындай қиянат жасай алады? Лимождағы әкімдік ғимаратын, Лиондағы туристік ақпарат орталығын не үшін өртеді? Марсельдегі әкімдікке басып кіріп, Бордодағы префект резиденциясына неге шабуыл жасады? Адамдар мұндай әрекетке қалай барады? Бұған ешқандай ақтау жоқ. Мұны түсіндіру де, кешіру де мүмкін емес. Бүгін бәріміз ашу мен ұят сезімін бастан кешіріп отырмыз, – деді Макрон.

Президенттің айтуынша, тәртіпсіздіктерге әсіре солшыл топтардың өкілдері мен оларға қосылған қылмыскерлер кінәлі.

Ғимараттарды қиратып, күш қолданғандарға ашық айтқым келеді: біз мұндай әрекеттерге ешқашан төзбейміз. Халықты тыңдауға және келіссөз жүргізуге дайын болуымызды әлсіздік немесе жазасыз қалдыру деп қабылдауға болмайды, – деді Франция басшысы.

Макрон бүлінген мүлік пен келтірілген шығын үшін кінәлілер жауап беруге тиіс екенін атап өтті.

Қиратқандар шығынды өтеуі керек. Тонағандар келтірген залалдың орнын толтыруға міндетті. Ал Республика билігін құлатуға әрекеттенгендер заң алдында жауап береді, – деді ол.

Президент тәртіпсіздік кезінде заң бұзғандардың барлығы сот арқылы жауапқа тартылатынын жеткізді.

Сондай-ақ Макрон үкіметке болған оқиғадан тиісті қорытынды шығаруды тапсырғанын айтты. Атап айтқанда, барлау қызметінің жұмысын жетілдіріп, мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту қажет. Оның сөзінше, елде осындай тәртіпсіздіктердің қайталануына жол бермеу керек.

Мемлекет басшысы саяси партиялар мен кәсіподақтарды зорлық-зомбылықтың кез келген түрін ашық айыптап, халықты сабырға шақыруға үндеді.

Елге жағдайды одан әрі ушықтыру емес, тәртіп пен тыныштық қажет, – деді ол.

Президент құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, қала әкімдеріне және тәртіпсіздіктерден зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Кейбір дүкен иелері өз мүлкін тонаушылардан өздері қорғауға мәжбүр болған. Макрон оларға үкімет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.

Сонымен қатар Франция басшысы тәртіпсіздік ұйымдастырғандар мен бейбіт шеруге шыққан азаматтарды бірдей қарастыруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, бағаның өсуі мен жанармайдың қымбаттауына наразылық білдірген тұрғындардың талаптары ескерілуі тиіс.

Макрон жанармай бағасының көтерілуін Таяу Шығыстағы соғыстың салдарымен байланыстырды. Ол дүйсенбіден бастап Францияны мұнай өнімдерімен және газбен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық келіссөздерді жалғастыратынын мәлімдеді. Осы мақсатта президент Парсы шығанағы елдеріне сапармен баруды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің алаңдаушылығына тоқталды. Оның айтуынша, жастар болашағына, тұрмыс жағдайына, білім алу мүмкіндіктеріне, мамандық таңдауына және қоғамдағы орнына қатысты мәселелерге алаңдайды.

Олардың үні естілуі тиіс. Жастардың қиындықтарына көз жұма қарауға немесе мәселелердің маңызын төмендетуге болмайды, – деді Макрон.

Президент үкіметтің бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға кіріскенін жеткізді.

Айта кетейік, 17 қазанда Францияда күнкөріс құнының қымбаттауына қарсы ауқымды наразылық акциялары өтті. Әртүрлі мәлімет бойынша, шерулерге 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан. Кейін бірқатар қалада бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Парижде тәртіп бұзушылар ондаған дүкенді қиратып, көліктерге зақым келтірді. Марсельде бір топ адам әкімдік ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік ақпарат орталығының ғимараты өртелді. Ел аумағында полиция 2 мыңнан астам адамды ұстады.

Наразылықтар оқу жылының басында мектеп оқушылары бастаған шерулердің жалғасына айналды. Алғашында олар үкіметтен білім беру саласына бөлінетін қаржыны көбейтуді және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарының тәртібін өзгертуді талап еткен.

Кейін оқушыларға студенттер, кәсіподақ өкілдері, фермерлер және «сары жилеттілер» қозғалысының мүшелері қосылды. Олардың барлығы Франциядағы бюджет дағдарысы жағдайында күнкөріс құнының қымбаттауына наразылық білдірді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz