RU
Толық нұсқаға өту

ЮНИСЕФ: балалар жасанды интеллектіні 3 есе тез меңгереді

19.10.2026, 13:20 38

Балалар жасанды интеллектіні 3 есе тез меңгереді. Бұл ЮНИСЕФ-тің есебі. 10 елде жүргізілген талдауға қарағанда, кемі 20 млн бала жасанды зердені қолданады, деп хабарлайды 24KZ.

13 млн-ы сабақ оқып, үй тапсырмасын орындауда пайдаланса, 2 млн-ы, яғни әр 10-шы бала өзін мазалап жүрген мәселе бойынша ересектерден емес, жасанды интеллектіден ақыл сұрайды.

Жасөспірімдердің 70 пайызы чатботтан тек ақпарат емес, эмоциялық қолдау да іздейді. Мұны АҚШ-та ChatGPT жұмысына қатысты жүргізілген зерттеу көрсетті.

Алаңдатарлығы сол, ChatGPT секілді чатботтар балалардың жас ерекшелігін ескермейді. Олардың сауалдарына жауап беріп қана қоймай, ішімдік ішу мен есірткі қолдану, тіпті өзіне-өзі қол жұмсауға қатысты кеңес берген. Зерттеушілер жасанды интеллект 3 сағатта берген 1 мың 200 жауаптың жартысынан көбі қауіпті екенін айтады.

Джек Кларк, Anthropic компаниясының құрылтайшысы:

– Ең қызығы, ойыншықтар нарығы жасанды интеллектіге қарағанда әлдеқайда қатаң реттеледі. Тіпті ойыншықтарға қатысты ортақ жаһандық стандарттар бар. Сол бойынша әлем елдері бір-бірімен саудасын жүргізеді. Ал жасанды зерде бойынша халықаралық талаптар әлі күнге дейін бекітілген жоқ.

OpenAI басшысы Сэм Альтман да озық технологияға байланған жастардың көбейгенін растап отыр. Кейбірі тіпті чатботпен ақылдаспай, шешім қабылдамайтын жағдайға жеткен.

Нандини Гупта, The Associated Press сарапшысы:

– Чатбот кей қауіпті сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Бірақ зерттеушілер сауалды басқаша қойып, мұның бәрі танысына немесе сабағына қажет екенін айтып, ақпаратқа оңай қол жеткізуге болатынына көз жеткізді. Бұл жасанды интеллект бала үшін қауіпті екенін көрсетеді.

Иә, озық технологияның игілігімен қатар қаупі де басым. АҚШ-та 8 бірдей штат ChatGPT иесін сотқа берді. Прокурорлар OpenAI компаниясынан чатбот жұмысын өзгертіп, балаға төнетін қауіпті жоюды талап етті. Заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл төлеттіруге бекініп отыр.

Бренна Берд, Айова штатының бас прокуроры:

– Компанияның әу баста «ChatGPT қауіпсіз» деп айтқан мәлімдемесі өтірік. Чатбот денсаулыққа зиянды медициналық кеңес беріп, өзгелерге қастандық жасауға итермелейді. Тіпті суицид бойынша толық нұсқау береді. Бұл үшін алдымен адамның сеніміне кіреді. Себебі чатбот алгоритмі осындай арам пиғылмен құрылған.

Былтыр да АҚШ пен Канадада бірнеше отбасы балаларының суицид жасауына нейрожеліні кінәлап OpenAI-мен соттасқан еді. Компания басшылығы қорғаныс жүйесінің кемшін тұстары бар екенін мойындады. Бірақ балаларды қорғау тетіктерін енгізіп жатқанын айтады. «Таяуда нейрожеліге ата-ана бақылауы функциясын орнаттық», – дейді. Десе де, ғалымдар жасанды интеллект жас буынның сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, қорқыныш пен шындыққа жанаспайтын ойларды күшейтуі мүмкін екенін ескертеді.

Брук Беннетт, Клемсон университетінің профессоры:

– Жасанды интеллект арқылы фотоларды өңдеу кең таралып келеді. Әлеуметтік желіден мінсіз суреттерді көрген адам өзін солармен салыстырады. Соларға ұқсағысы келеді. Бірақ сол мінсіз бейнеге ұмтылу адамның өзіне деген сенімін азайтады. Әлеуметтік желідегі видео шынайы ма, әлде жасанды интеллект жасаған дүние ме? Мұны ажырату барған сайын қиындап барады.

JPMorgan Chase банкінің дерегі бойынша, биыл шілдеде ChatGPT қолданушыларының саны 800 миллионға жуықтады. Сарапшылар жалған контентті арнайы белгімен таңбалау жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан ата-аналар баласының кіммен сөйлесіп, не қарап жүргенін бақылауда ұстауы тиіс. «Ең бастысы балада нейрожеліден емес, ата-анадан кеңес сұрау дағдысын қалыптастыру қажет», – дейді сала мамандары.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz