Еуропаны жаппай наразылықтың жаңа толқыны шарпыды.
Франция, Италия және Бельгиядағы ереуіл кезінде қоғамдық тәртіп бұзылып, бейбіт шеру полициямен қақтығысқа ұласты. Текетірестер кезінде қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер зардап шекті. Салдарынан еркіндік пен азаматтық жауапкершіліктің аражігін ажырату мүмкін болмай қалды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропадағы халықтың талап айтып, көшеге шығуы – үйреншікті құбылыс. Бірақ бейбіт басталған жиындар кейде қақтығысқа ұласып, зардабын оған мүлдем қатысы жоқ адамдар тартып жатады. Қираған дүкендер, өртенген көліктер және жабылған жолдар қарапайым тұрғындардың күнделікті тіршілігін қиындатып, наразы топтардың басты талаптары тасада қалып қояды.
Брюссельде сенбі күні тәртіп бұзушылар жолды бөгеп, полиция қызметкерлеріне қолдарына түскен түрлі заттарды лақтырды. Қақтығыстардан кейін 150 адам қамауға алынды. Бес құқық қорғаушы жеңіл жарақат алып, зардап шекті. Ал Льеж қаласындағы көшелердің жабылуына байланысты автобус қатынасы бұзылды.
Еуроодақ саясаты жөніндегі сарапшы Йоханн Вайктың айтуынша, кейбір топтар бейбіт жиындарды жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін әдейі пайдаланады.
Йоханн Вайк, Еуропалық одақ саясаты жөніндегі сарапшы:
- Бейбіт шерулерге бастан-аяқ қара киініп, бетін тұмшалап алатын жастар қатысады. Ешкім танымасын деп бетін жауып, маска тағады. Бірақ полиция олардың кім екенін біледі. Бұзақылар – тәртіпсіздік жасауды кәсіпке айналдырғандар. Сондықтан олар қақтығыстардың жалғаса бергенін қалайды.
Еурокомиссия өкілдері қандай мәселе болса да оны бейбіт жолмен шешу қажеттігін ескертеді. Өйткені көшедегі тәртіпсіздіктер қоғамдық тыныштықты бұзып қана қоймай, қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Жабылған жолдар жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің оқиға орнына дер кезінде жетуіне қиындық туғызуы мүмкін. Ал полициямен болған қақтығыстар тәртіп сақшыларының негізгі міндетін атқаруына кедергі келтіреді.
Роксана Мынзату, Еуропалық комиссияның атқарушы вице-төрағасы:
- Полицейлерге, жандармдарға, өрт сөндірушілерге, дәрігерлер мен басқа да құтқару қызметкерлеріне күш көрсетуге болмайды. Өйткені олар өзгелерді қорғау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Қызмет бабындағы адамдарға шабуыл жасау – заң үстемдігіне қол сұғу. Ешқандай талап зорлық-зомбылықты ақтай алмайды.
Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Еуропа елдері қауіпсіздік шараларын күшейту жолдарын қарастырып жатыр. Францияда кейбір аймақтарда коменданттық сағат енгізу ұсынылса, Бельгияда қоғамдық тәртіпті сақтайтын арнайы резервтік жасақ құру мәселесі талқылануда. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, жаңа қақтығыстардың алдын алу тек полицияның жұмысына байланысты емес. Ең бастысы, қандай наразылық болса да, заң шеңберінен шықпай, өзгенің құқығына құрметпен қарау қажет.
Авторы Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Еуропа #тәртіпсіздік #жаза #Франция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz