Францияда жаппай бүліктен кейін елдің жекелеген аудандарында коменданттық сағат енгізілді. Шектеулер Париж және өзге де қалалардың кейбір аудандарын қамтиды. Премьер-министр Себастьян Лекорню жетекшілік еткен дағдарыс кеңесінде тиісті шешім қабылданды. Елдегі бүлік кезінде кемінде 2400 адам ұсталған. Сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары мұны бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылық пен әлеуметтік-саяси дағдарыс дейді, деп хабарлайды 24KZ.
Франция ондаған қаланы қамтыған екі күндік тәртіпсіздіктен келген шығынды есептеуде. Шерулердің арты қақтығыс пен сауда орындарына шабуылға ұласып, 60 мың полиция қызметкері мен жандарм тосқауыл бола алмады. Енді билік жаппай тәртіпсіздікке кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
– Париждің кейбір сауда көшелері қазір осындай күйде. Әйнектер сынып, сөрелер бос қалған. Сауда және дистрибуция федерациясының мәліметінше, ел бойынша 1500-ге жуық сауда орны зардап шекті. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын бірнеше жүз миллион еуроға жетеді. Көптеген кәсіпкер үшін бұл тек тауарынан айырылу ғана емес, кәсібін біржола немесе белгісіз мерзімге тоқтату деген сөз.
Зардап шеккендердің бірі – бейнеойындар сататын осы жеке дүкен. 17 қазан күні кешке тонаушылар мұндағы жаңа және коллекциялық ойындарды, ойын құрылғыларын алып кеткен. Дүкен өкілінің айтуынша, шабуыл жасағандар әлеуметтік талаптарды қорғау үшін емес, елдегі бейберекет жағдайды пайдаланып қалу үшін келген.
Самуэль, бейнеойындар дүкенінің өкілі:
– Mұның бәрі шерулер аяқталғаннан кейін болды және наразылық акцияларына еш қатысы жоқ. Бұлар беттерін жауып алған, тек қирату үшін келген өте жас адамдар еді. Меніңше, мұндай әрекеттерді бәріміз ашық айыптауымыз керек. Өйткені алпауыт компаниямен бәсекелесуге тырысып жүрген шағын тәуелсіз дүкеніміз зардап шекті.
«Тәртіпсіздік жасаған кімдер?» деген сұрақ қазір басты назарда. RTL агенттігінің хабарлауынша, тонаушылар арасында 16 мен 25 жас аралығындағы ұйымдасқан жастар топтары және жағдайды пайдаланып, ұрлыққа өздігінен қосылған жасөспірімдер бар. Ал Le Monde басылымы нақты дүкендерді тонауға шақырған үндеулер наразылық басталмай тұрып-ақ әлеуметтік желілерде тарағанын жазады. Бұл ретте журналистер дүкен тонаушыларды шерушілерден, ал кейбір бұзақыларды саяси радикал топтардан ажырата қарастырады. Сарапшылар мәселенің түпкі себептеріне де назар аударып отыр. Олардың қатарында қоғамдағы агрессияның күшеюі, саяси жіктелудің тереңдеуі және мәдени-адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі бар.
Тьерри-Поль Валетт, Еуропалық қауіпсіздік және стратегиялық талдау орталығының президенті:
– Бір жағынан, бұлар – әлеуметтік шерулерде жиі кездесетін Black Block қозғалысының өкілдері. Алайда осы жолы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың ішінде жастар байқалды. Өкінішке қарай, уақытын көбіне әлеуметтік желілерде өткізетін кейбір жастар үшін мұның бәрі ойынға айналғандай. Зорлық-зомбылық деңгейі шынымен бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. «Сары жилеттілер» наразылығынан бері көп нәрсе өзгерді. Бүгінде кез келген саяси тақырып қызу тартыс тудырады. Әлеуметтік желілер де агрессия мен зорлық-зомбылық алаңына айналды. Меніңше, мұндай жағдай тек Францияға ғана емес, жалпы Еуропаға тән. Біз популизмнің күшеюін, әсіресолшыл және әсіреоңшыл саяси күштердің ықпалы артып келе жатқанын байқап отырмыз.
Дағдарысқа қарсы жиналған кеңестен кейін Франция үкіметі префектілерге қалалардың жекелеген аудандарында коменданттық сағат енгізуді тапсырды. Париждегі шектеулер Республика алаңы мен Ле-Аль сауда ауданында қолданылады. Осыған қарамастан, наразылық ұйымдастырушылары келесі сенбіде тағы бір акция өткізетінін жариялады. Үкімет оған дейін саяси партиялармен, кәсіподақтар және қоғамдық ұйымдармен келіссөз жүргізбек. Басты міндет – жаңа тәртіпсіздіктерге жол бермей, қоғамдағы пікірталасты нақты мәселелерді талқылауға қайта бағыттау.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #Франция #коменданттық сағат #қауіпсіздік шарасы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz