АҚШ ақшаны үнемдеуге, Еуропа инвестициялауға тиіс. Ал Қытай көбірек жұмсауы керек. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева осылай дейді. Өйткені – Қытайдың ішкі тұтыну жағы әлсіз. Биылдыққа мұнда жалпы ішкі өнім 4,5%-ға артты. Экономикалық өсім жеделдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда бұл – тек экспорттың ұлғаюы мен жасанды интеллектінің дамуының көрінісі. Ал тұтыну көрсеткіші төмендеп кеткен. Сондықтан сарапшылар қытайларға ақшаны үнемдеу емес, көбірек жұмсауға кеңес береді.
Қытай – әлем бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші экономикасы ірі мемлекет. Елде жасанды интеллектінің қарыштап дамуы экспорт көлемін ұлғайтты.
Биыл жалпы ішкі өнім 4,6%-ға өсіп, 107 мың млрд юаньнан асты. Бұл – шамамен 16 трлн доллар. Өнеркәсіп өнім көлемі 5,5%-ға ұлғайса, бөлшек сауда небәрі 1,1%-ға өсті. Осыдан-ақ елде ішкі сұраныс төмен екенін байқауға болады.
Ал былтыр Қытайдың сауда профициті, яғни шетелге шығаратын тауарлар мен қызметтер көлемі өзге елдерден сатып алынатын тауарлармен салыстырғанда рекордтық 1,2 трлн долларға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Қазір электромобильдер мен озық технологиялар – Қытай экономикасының қозғаушы күші.
Мао Шэнъюн, Қытайдың Мемлекеттік статистикалық бюро басшысының орынбасары:
– Алғашқы үш тоқсанда ұлттық экономика қысымға қарамастан, дамуын тоқтатпады. Өндіріс пен ұсыныс жылдам өсті, сыртқы сауда көрсеткіштері артты. Баға және жұмыспен қамту қалыпты деңгейде.
Сарапшылар: «Экономиканы ынталандыру үшін тұрғындар қаражатты белсенді жаратуы қажет», - дейді. Қытай халқы бүгінгі күнмен өмір сүруден аулақ. Ертеңін ойлап, әр қадамын аңдап басуға тырысады. Мұны ресми деректер де растайды. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, қытайлық отбасылар табысының шамамен үштен бірін жұмсамай, жинайды екен.
Қытайлықтардың үнемшіл болуының өз себебі бар. Халық мемлекетке ғана сеніп, қарап отыра алмайды. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк бұған ауылдық жерлерде әлеуметтік қорғау жүйесінің жеткіліксіздігі және зейнетақы төлемдерінің салыстырмалы түрде төмен болуы себеп болғанын айтады. Сондықтан тұрғындар алаңсыз қарттық кезеңге өз бетінше дайындалып, өз күнін өздері көруге дағдыланады. Ал халық ақшаны жұмсамай, шамадан тыс жинай берсе, ішкі тұтынушылық сұраныс төмендейді. Осы орайда сарапшылар үкіметке халықты әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуды ұсынады.
Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:
– Қарапайым тілмен айтқанда, Қытайға қаражатты көбірек жұмсау керек. АҚШ үнемдеуге, ал Еуропа қаражатты инвестицияға бағыттауы тиіс. Мәселе ушықпайынша, бюджетті ретке келтіру қажет. Саясаткерлерге дәл қазіргі үндеуіміз осы. Шығындарды оңтайландырып, кірісті арттыратын кез келді. Біз бағаны емес, халықты қорғауымыз керек. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға атаулы көмек көрсету маңызды.
Ішкі тұтынуға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – тұрғын үй бағасы. Биыл Қытайда жылжымалы мүлікке бағытталған инвестиция былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ға қысқарды. Жаңа баспаналардың бағасы құлдырады. Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, үй бағасының төмендеуі халықтың шығын шығаруға деген ниетін тежейді. Мұндайда біреулер үй сатып алуды кейінге ысырады. Өйткені ертеңгі күні баспана одан әрі арзандауы мүмкін. Ал баспанасы барлар активтерінің арзандап жатқанын ескеріп, сақтықпен әрекет етуге тырысып, үнемдеуге көшеді.
Алайда мәселенің екінші жағын ескерген жөн. Мысалы, Франция, керісінше, мемлекеттік шығынның біраз бөлігін әлеуметтік салаға жұмсайды. Салдарынан қарыз көлемі өсіп барады. Кейінгі деректерге сүйенсек, 3,6 трлн еуроға жеткен. Былтыр Францияның мемлекеттік шығындары ЖІӨ-нің жартысынан астамын, яғни 57,2%-ын қамтамасыз етті. Оның басым бөлігі әлеуметтік қорғауға, зейнетақы мен денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған. Бұл мәселе Францияға ғана тән емес. Еуропаның өзге елдері, тіпті, алпауыт АҚШ-тың өзі бүгінде қарызға белшеден батқан.
Вероник Ришес-Флорес, Societe Generale Corporate And Investment Banking бұрынғы бас экономисі:
– Басты мәселе – қарыз деңгейінің шамадан тыс жоғары болуы. Кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары бірқатар экономикалық мәселеге тап болды. Мәселен, энергетикалық дағдарыс, сатып алу қабілетінің төмендеуі, бәсекеге қабілеттіліктің едәуір әлсіреуі және қаржыландыру құнының күрт өсуі. Дағдарыс біртіндеп күллі Еуропа үшін ортақ мәселеге айналып келеді. Күндердің бір күні пайыздық мөлшерлемелердің өсуі ырыққа көнбей кетуі әбден мүмкін.
Қысқасы, Қытай ең алдымен ел тұрғындарының шығындарын арттыруға тиіс. Халық тауарлар мен автокөліктерді көбірек сатып алып, тұрмыстық техникаға, қызметтерге, саяхатқа, білім беру мен денсаулық сақтауға көбірек ақша жұмсауы қажет. Бұл бизнестің кірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Қазір экспорт көлемі ішкі тұтынудың әлсіздігін өтеуге көмектескенімен, жаһандық сауда шиеленісінің күшейіп жатқаны тағы бар. Оның үстіне жасанды интеллектке салынып жатқан қыруар инвестициялардан қайтарым бола ма, жоқ па – бұған қатысты да инвесторлардың көңілі күпті. «Сондықтан экономикалық өсім тек озық технологиялардың экспортына тәуелді болмауы қажет», – дейді сарапшылар.
Тегтер #Қытай #тұтыну көлемі #АҚШ #ақшаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz