RU
Толық нұсқаға өту

Еуроодақ елдерінің қарызы өсті

20.10.2026, 13:09 38

Әлемнің ең дамыған елдері кейінгі 20 жылдағы ең жоғары несие пайызының кесірінен қарыз батпағына батып барады. Халықаралық валюта қоры «Үлкен жетілік» елдерінің облигация пайызы өсіп, бюджетке салмақ түсіргенін мәлімдеді. Еуроаймақта да жағдай күрт өзгерді: бұрын инвесторлар Грекия, Италия мен Португалиядан қауіптенсе, енді жағдай керісінше. Франция мен Бельгия кезінде қарызды есепсіз алып, ақша шашқандықтан, қазір беделінен айырылып, несиені өте қымбат пайызбен алуға мәжбүр, деп хабарлайды 24KZ.


Бұған дейін инвесторларды негізінен Оңтүстік Еуропа елдерінің қарызы алаңдататын. Енді Францияның да жағдайы қиындады. Елдің мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімінің 119 пайызына, яғни 3 трлн 600 млрд еуроға жетті. Бюджет тапшылығы еуроаймақтағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналған. Бұл ретте Париж ағымдағы шығындарды ғана емес, бұрын жиналған міндеттемелерді де қайта қаржыландыруға тиіс. Алдағы жылы Франция рекордтық 340 млрд еуроға орта және ұзақ мерзімді облигацияларды орналастыруды жоспарлап отыр.

Вероник Риш-Флорес, Societe Generale CIB бұрынғы бас экономисі:

– Ең бірінші мәселе – қарызымыз тым көп. Негізі Франция – бай ел, зауыт-фабрикаларымыз жеткілікті. Алайда экономиканың алға басатынына үміт қалмай, бәрі керісінше болып жатыр. Қазір қарапайым халық та, кәсіпкерлер де тығырыққа тірелді, жарық пен жылу қымбаттады, ақша құнсызданды, ал банктер несиені өте жоғары пайызбен бере бастады.

Еуропаның «солтүстігіндегі елдер бай, ал оңтүстігіндегі мемлекеттер қарызға батқан» деген түсінік жойылды. Қазір инвесторлар елдің тек берешегіне ғана қарамайды. Бастысы – үкіметтің сол қарызды азайтуға ықыласы бар ма, жоқ па, соны бағалайды. Кезінде дағдарыстан көз ашпаған Грекия мен Португалия жылдар бойы әр тиынын санап, жағдайын түзеп алды. Ал Францияда, керісінше, қарыз күн санап өсіп барады. Еурокомиссия әзірге жаңа үлкен дағдарыстың белгісі жоқ деп тыныштандырғанымен, несие пайызы жоғарылаған сайын, елдердің ескі қарызды өтеуге шығыны көбейе бермек. Оның үстіне Еуроодақтың 2028-2034 жылдарға арналған ортақ бюджетін бөлісу жыры басталды. Елдерге әскер, жарық, зауыттар мен жаңа технология үшін ақша керек, бірақ ешбір үкімет өз қалтасынан артық қаржы қосқысы келмейді. Еуроодақ кеңесіне төрағалық етіп отырған Ирландия ортақ бюджетті 8 пайызға қысқартып, 1,6 трлн еуромен шектелуді ұсынды. Бірақ бұл соманың өзі қазіргі қолданыстағы бюджеттен тұп-тура 30 пайызға көп.

Джессика Розенкранц, Швецияның ЕО істері жөніндегі министрі:

– Швеция бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы. Бұл – өте үлкен шығын. Ортақ бюджетті міндетті түрде қысқарту керек. Еуроодақтың қазынасы әркімнің көңілінен шығатын ертегідегідей тілектердің тізімі емес қой. Не нәрсе маңыздырақ – соны ғана таңдап алуымыз қажет. Өйткені ақыр соңында мұның бәрін қарапайым салық төлеушілер өз қалтасынан өтейді.

Швеция – Еуроодақтың ортақ қазынасына ең көп ақша құятын елдердің бірі. Стокгольмнің есептеуінше, егер жаңа жоба қабылданса, олардың төлейтін жарнасы бірден 60 пайызға өседі. Ақша үнемдеуді талап етіп, өзге де бай мемлекеттер бас көтере бастады. Бірақ одақтағы өзге 17 ел ауыл шаруашылығы мен кедей аймақтарды қолдауға бөлінетін көмекті азайтпауды сұрап, табандап тұр. Өйткені қазір бүкіл бюджеттің тең жартысынан астамы осы салаларға жұмсалады.

Родриго Вальдес, ХВҚ Бюджет мәселелері жөніндегі департаментінің директоры:

– Жалпы жағдай белгілі болып қалды. Бюджеттік шығындар еселеп өсіп жатыр, бірақ көптеген елдер қамсыз, тиісті шараларды қолға алмай отыр. Қарыз көлемі өте жоғары әрі одан сайын өсіп жатыр, пайыздық мөлшерлемелер де көтерілді. Елдер жағдайға бейімделіп, бюджеттік саясатында үлкен өзгерістер жасауға тиіс. Одан басқа жол көріп тұрған жоқпыз.

Несие пайызының өсуі Еуропа елдеріне біртіндеп соққы беріп жатыр. Себебі ескі қарыздарды жабу үшін енді жаңа, өте қымбат несие алуға тура келеді. Тек Францияның өзі келесі жылы ескі қарыздарының пайызын төлеу үшін ғана 73 млрд еуро шығындалмақ. Сондықтан Париж үшін ең үлкен емтихан – 2027 жылдың бюджетін бекіту болмақ. Ал бүкіл Еуроодақ үшін алдағы 7 жылдың ортақ қазынасын бөлісу оңайға соқпайды. Өйткені жаңа шығындар жоспарын одаққа мүше барлық 27 мемлекет бір ауыздан мақұлдауы тиіс.

Автор: Ернат Рахметолла

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz